09 жел, 2018 сағат 20:55

"Түркістан қаласы гүл қалаға айналуы қажет"

Аталмыш бастама бұған дейін қала іргесіндегі бірқатар ауыл-аймақтарда жүзеге асқан. Енді қаламызда жалғасын тауып, шаһарымыздағы мөлтек аудандардың төрағалары, орынбасарлары, көше билері мен көше ағалары жұмысқа белсене кірісіп кеткен.

Бастаманың нәтижелі жұмыс жасап жатқандығы жиын барысында белгілі болды. Атап айтсақ, мақтазауыт маңындағы қараусыз қалып, қоқысқа толған мазарат «Ақ мақта» мөлтек ауданы төрағасының тыңғылықты жұмысы нәтижесінде тазаланып, күл-қоқыстан арылған. Айта кетерлігі, «Мақтазауыт» пен «ТГЖД» аумақтары «Ақ мақта» болып өзгертіліп, жаңа атауға ие болды.

«Түркістан қаласын гүл қалаға айналдырайық» атты үндеуі аясында өткен басқосуға облыстық ақсақалдар алқасы мен қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесі, қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков қатысып, тың жобаның жұмысына ерекше тоқталып өтті.

Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергеновтың айтуынша, мектеп, базар, балабақша, тойхана және үй мен көше бойларына ағаш егіліп, гүлмен көмкерілуі керек. Әрбір үй 5-6 ағаштан, ал мектептер мен мекемелер 10-15 ағаштан егіп, өсіретін болса, қаланың өзі де ауасы да тазарып шыға келеріне бек сенімді. Осыған байланысты конкурстық негізде бәйге жарияланып, номинациялар тағайындалмақ ниетте.

- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында облыстық ақсақалдар алқасы мен «Қоғамдық келісім» кеңесінің бастамасымен қаланың мәдениеті, тәртібі, тазалығына ерекше ден қою мақсатында осы жүйе қолға алынып отыр. Аталған жобаның ең негізгі түпкі мақсаты – халықпен тікелей жұмыс жасау, жастарды тәрбиелеу, қаланың көркеюіне атсалысу және рухани жаңғыру болып саналады. Бұл жоба әр тұрғынның өз ауласын өзі қадағалауына және ұстаздардың сенбілікке шығып, жұмыс ережесіне кірмейтін іспен шұғылданбауына себеп болмақ, - деді Ғ.Рысбеков.

Сонымен қатар, облыстық соттың ұсынысымен облыстық ақсақалдар алқасы жанынан облыстық билер кеңесі құрылды. Олар дауды шешуге және тиісті мамандарды шақыруға құқылы. Яғни, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің жолын жалғайтын, сара істі жүзеге асыратын алқа болмақ.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН