08 жел, 2018 сағат 09:14

Түркістан облысы көш басында

Елімізде тұрғындарды емханаға тіркеу науқанықаны аяқталды. Оның нәтижесі қандай болғаны, тіркелуге үлгере алмай қалғандардың не істеуі керектігі туралы «Отырар» баспасөз орталығында брифинг өткізген тиісті мамандар жан-жақты айтып берді.

Науқан нәтижесі қандай болды, алдымен соған тоқталайық. Бұл науқан бойынша да Түркістан облысы көш басынан көрінді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қараша аралығында өткен науқан барысында еліміз бойынша 300 мыңға жуық адам медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдаланған болса, соның басым бөлігі – біздің Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Атап айтсақ, 114 000 тұрғын мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, өздерінің қалаған емдеу мекемесіне тіркеліп үлгерген. Медсақтандыру мәселесі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды қалаларының тұрғындары да белсенділік танытқан. Тағы бір айта кететін жәйт, тұрғындардың біраз бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, тағы біразы egov.kz порталы арқылы онлайн қызметті таңдаған.

Ал, тіркелуге үлгере алмай қалғандар не істеуі керек? Көпшілік осыны білгісі келеді? Көптің көкейіндегі сауалға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев былай жауап берді: «Бұған алаңдаудың ешқандай негізі жоқ. Егер тіркеле алмай қалсаңыз, әлі де мүмкіндік бар. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінуіңізге болады. Аталған орталықтарда Connection Point бар, олар egov порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, Еgov.kz жуырда Telegram-ды іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркелуге болады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етпейді» деді А.Бейсенбаев.

Жалпы, еліміздің кез келген азаматының жылына бір рет емхана ауыстыруға құқығы бар. Демек, тіркелуге де сондай мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, қоныс аударғанда, емхана жабылып қалған жағдайда, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады. Тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімін медициналық сақтандыру қорының tms.kz сайтынан табуға болады.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ