22 қар, 2018 сағат 11:02

Түркістан облысында асфальт-бетон зауыты іске қосылды

Түркістан облысында жаңадан салынған асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Кәсіпорын грециялық «Soldatos» ЖШС-гі мен «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы - «TURKISTAN INVEST» инвестициялық компаниясының бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесінде ашылып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«TURKISTAN INVEST» инвестициялық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру мақсатында тартылған инвестицияның жалпы құны 300 млн теңгені құрайды.  Зауыт Мақтарал ауданындағы индустриалдық аймақтың 3 гектар жер аумағында салынған. Жобаның жоспарланған жылдық қуаттылығы - 20 мың тоннаны құрайды. Өндіріс басына 30 адам тұрақты жұмысқа тартылып отыр. Алдағы уақытта дайын өнім Қазақстан бойынша сатылады деп жоспарланған.