11 жел, 2023 сағат 12:30

Түркістан облысында үйленіп жатқан жігіт пен достары жауапқа тартылды


Түркістан облысында үйленіп жатқан жігіт пен оның достары жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде полицейлердің назарына той салтанатын ұйымдастырған жастар іліккен.

Видеода жас жігіттер шектен шығып, аспанға қарумен оқ атқаны, сондай-ақ кортеждегі жүргізушілер жол ережесін бұзып, авариялық жағдай туғызғаны көрінеді.

Оқиға Сайрам ауданында болған.

"Бейнежазбадағы оқ атқан 19 жастағы тұрғыннан түсініктеме алынды. Оның қолындағы тапанша сигналдық болып шықты.

Жас жігітке ҚР ӘҚБтК-нің 485-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылды. 

Сонымен қатар жол ережесін бұзған Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылды. Ал Hyunday Santa Fe көлігіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігі, 603-бабы 1-бөлігі, 590-бабы 2-бөлігімен шара қолданылды. Оған қоса Mercedes Benz жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды" - делінген хабарламада.