01 жел, 2018 сағат 12:58

Түркістандық полицейлер өзбекстандық әріптестерімен бірлесіп әрекет ететін болды

Шымкентте Өзбекстан Республикасының ІІМ өкілдері мен Түркістан облысы және Шымкент қалалық Полиция департаменті басшыларының екіжақты кездесуі өтті.

Басқосуда тараптар экстремизмге қарсы күрес және заңсыз көші-қон саласындағы шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге ҚР ІІМ Штаб бастығы, полиция полковнигі Қайрат Сүйінбаев пен Түркістан облыстық ПД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков бастаған департамент басшылығы және Сарыағаш, Келес, Мақтарал, Шардара және Жетісай аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары қатысты. Өзбекстандық делегация тарапынан ІІМ Ұйымдастыру департаментінің бастығы Шухрат Норгитов және шекаралық Жизақ, Ташкент және Сырдария облыстарының бастықтары генерал-майор Гайрат Кадиров, полковник Тохтар Арипов, полковник Мухитдин Жураев бастап келді.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары екі елдің ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күрес саласындағы өзара байланысты алдағы уақытта жандандыру мәселелерін сөз етті. Өйткені бүгінгі таңда трансұлттық есірткі тасымалының өсу қаупі туындап отыр. Көші-қон процестері қиындап, криминогендік ахуал бірлесе отырып жұмыс істеуді талап етіп отыр.

Екіжақты кездесудің нәтижесінде қатысушылар экстремизмге қарсы іс-қимыл мен жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, көші-қон мәселесі бойынша ақпараттар алмасуға уағдаласты. Бұдан бөлек, есірткі тасымалдау мен бөтеннің мүлкін ұрлау, автокөлікті заңсыз иелену сияқты бірқатар мәселелер бойынша ұсыныстар айтып, пікір алмасты.

Кездесу соңында Қазақстан мен Өзбекстан ІІМ өкілдері қылмыспен күрес және шекаралық ынтымақтастық саласы бойынша бірлесіп ұйымдастырылатын және іс жүзінде жүзеге асырылатын мәселелер бойынша бірқатар құжаттарға қол қойды.