28 нау, 2018 сағат 17:24

Юрий Ильин су тасқынына қатысты: Құлаған үйлердің дені заңсыз салынған

Шығыс Қазақстан облысында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин соңғы 10 жылда табиғи апат салдарынан бүлінген үйлерге талдау жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр орынбасарының айтуынша, елімізде су қорғау аймағына салынған үйлер саны артып кеткен. Осының салдарынан жыл сайын өңірлерде үйлерді су басу оқиғалары жиілеп отыр.

«Негізі заң бойынша су қорғау аймақтарына құрылыс түспеуі керек. Заңның осы талабын босаңсытып алған сияқтымыз. Мұның бір ұшында халықтың әлеуметтік жағдайы тұр. Баспаналы болу үшін шамасы келген жерге үй салады. Оны заңдастырған кезде талапқа сай болмай, құжаты кері қайтарылады. Бірақ оларды көп жағдайда сүріп тастамайды. Су алған үйлердің көбі осылай салынғанын байқап жүрміз» - дейді Юрий Ильин.

Соңғы 10 жылда Қазақстан бойынша 1 700-ден астам үй табиғи апат салдарынан бүлінген екен. Соның ішінде 300-400 үй ғана сейсмикалық жағынан қауіпсіз аймаққа салынған. Қалған үйлердің барлығы сейсмикалық төзімсіз аймақтарда орналасқан көрінеді. Ондай фактілер Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі байқалып отыр.

Министрлік өкілі бұл бағытта кезең-кезеңмен жұмыс жүрзілетінін атады.

«Су аңғарында салынып кеткен үйлерді кезең-кезеңмен басқа орынға көшіру керек. Аягөз қаласында дәл осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Су қорғау аймағында тұрып, қираған үйлердің орнына қауіпсіз аймақтан баспана беріліп жатыр» - деді Юрий Ильин.