Фото: ҚР Ұлттық кітапханасы
ҚР Ұлттық кітапханасының Иран кітап бұрышы аясында белгілі шығыстанушы-аудармашы, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Парсы тілі кабинетінің» меңгерушісі, PhD, Нияз Тобыштың «Иран қазақтары зар замана зарпынан зардап шеккендер» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл еңбек Ирандағы Горган, Гонбад-Кавус және Бандар-Түрікмен қалаларында тұратын қазақтардың тарихы мен тұрмысын, мәдениеті мен салт-дәстүрін терең зерттеп, ХХ ғасырдың басынан бүгінге дейінгі өмірін жан-жақты сипаттайды.
Кітап тұсаукесерінде танымал ғалымдар мен сарапшылар қазақ-иран қарым-қатынастары, диаспораның тілдік және мәдени мұраларын сақтау, сондай-ақ қос халық арасындағы тарихи байланысты нығайтудағы еңбектің маңыздылығына тоқталды.
Фото: ҚР Ұлттық кітапханасы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, шығыстанушы Ислам Жеменей іс-шараның модераторы болып, Иран қазақтары туралы жазып келе жатқан авторлар жайлы айтты.
"Бұл кітап Нияз Тобыш тарапынан 45 жыл жария болған, айтылған еңбектердің жинағы. Иран қазақтары туралы ең алғаш Мұхамед Ескелді, Қажымұқан Шадкам, Мұқыш Жеменей, Нияз Тобыш сияқты 25 оқымысты жігіт айтып, жазып келеді. Біздің тарихымыз ешқашан жазылған жоқ, сол үшін тарихымызды білу қиынға соғып жүр. Ең азы Иранда тұрған қазақтардың тарихы айқын болсын, жазылсын деген ниетпен 1980 жылдан бастап, Иранда Иран қазақтарының мәдени қоғамын аштық. Халифа Алтаймен байланыс орнатып, оны Иранға шақырғанбыз. Иранда бір ай қонағымыз болып, ол кісі өзінің естелік кітабында бір тарауын Иран қазақтарына арнады. Ал 1990 жылы КазҰУ-де «Шығыстану» факультеті ашылып, біз осында келіп оқыдық. Содан бастап Иран қазақтары туралы жаза бастадым, көптеген мақала жарияладым. Мәдениет министрі тарапынан «Иран қазақтары» кітабым жарық көрді. Одан кейін «Дүниежүзі қазақтары» тарапынан «Иран және Иран қазақтары» деген кітап жария болды. Иран қазақтары туралы тағы бір кітапты Мансұр Киаи жазған. Иран Тобыштың жұмысы Иран қазақтары туралы төртінші кітап болып есептеледі. Айтып өткенімдей, кітапта 1980 жылдан бастап бүгінге дейінгі Иран қазақтарының ұл-қыздарының өмір салтын, кәсібі туралы, бәрі жинақталып, кітапқа еніп отыр", - деп нақтылады Ислам Жеменей.
Фото: ҚР Ұлттық кітапханасы
Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр осындай кітаптар арқылы біз екі халықтың достығы туралы тарихты кеңінен насихаттаймыз дейді.
"Біздің бауырларымыз Иранға барып қоныстанған болса, сол жақтан қуғынға ұшыраған ирандықтар, осы біздің жерімізге келіп пана тапқан болатын. Осындай кітаптар арқалы біз екі халықтың достығын кеңінен білеміз. Біз енді Нияз Тобыш ағамызды білікті педагог ретінде жақсы білеміз. Біз Нияз ағамен осыдан 10 жыл бұрын Тегеранда танысқанбыз. Бұл кісі ағылшын тілінің маманы. Сондай-ақ Болат Көмеков ағамыздың жетекшілігімен бірнеше тарихи кітаптарды да жариялады. Енді бүгінгі мына кітап «Иран қазақтары» деп аталады.
Құдайға шүкір көштің басында, осында елімізге «Отаным» деп келген бауырларымыздың қатарында қолына қалам ұстаған, жазары бар, айтары бар ағаларымыз келді. Соның басы-қасында Нияз Тобыш ағамыз, Ислам ағамыз, сондай-ақ Әдеби институтында істеп жүрген Жүсіп Білтән бауырларымыз да осында келіп, бүгінде қазақ мәдениетіне, қазақ білім-ғылымының дамуына өз үлесін қосып келе жатыр. Сондықтан да бұл кітап дәстүрлі жалғасы болуы мен қатар кейінгі кітаптарға да жол ашысын деп тілеймін", - деп тілегін жолдады Төреәлі Қыдыр.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих иниститутының директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Жеңіс Жомарт Иран қазақтары тілін мұнтаздай сақтаған рухы биік диаспора екенін атап өтті.
"Менің таңғалатыным, Иран қазақтары өз елдерінің тысқары жерде жүрсе де таза қазақша сөйлейді. 2019 жылы Иранда консулдықта істедім, Горгонда қазақтардың ортасында тұрдым. Кішкентай балалардың бәрі таза қазақша сөйлейді. Сөйтсем, Otau TV құрып алып, теледидарды тек қазақша көреді екен. Сол кезде қазақтардың ұлттық рухына қайран қалдым, өз ұлтының мәдениеті мен діліне беріктігіне қызықтым. Қазақ халқының ешқашан өлмейтініне көзім жетті.
Кітапқа келер болсақ, Нияз аға үлкен жұмыс жасады. Ұмтыла бастаған естеліктерді қайта жаңғыртып, аңыздарды ақиқатқа айналдырып, архивтерде сарғайып жатқан қағаздарға тіл бітірді. Осы ғылым саласында, өлкетану саласы бойынша көп жұмыс істеп жатырсыздар. Қазір иран-қазақ байланысы өте жоғары деңгейде. Белгілі шығыстанушы ғалым Ғалия Қамбарбекова Иран президентінің қолынан «Фараби» сыйлығын алды. Бұл үлкен жетістік", - деді Жеңіс Жомарт.