27 жел, 2023 сағат 12:37

"Жақында келеді деп ойлайды". Алматыда автобус апатынан төрт бала ата-анасыз қалды

Tengrinews.kz/видео кадры

Алматыда автобус апатынан үш адам қаза тапты, оның екеуі ерлі-зайыпты. Төрт бала әкесі мен анасынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Жол апатынан ерлі-зайыпты Талап Косимов пен Гүлжахан Ирсімбетова қаза тапты. Олар жұмыстан үйге қайтып келе жатқан. Жол бойында такси ұстап тұрған сәтте оларды автобус қағып кеткен.

Енді үлкендері інісіне ата-анасы енді жоқ екенін қалай түсіндірерін білмейді. Бала небәрі 5 жаста.

"Кішісі үйге қонақтар келді деп ойлайды. Жүгіріп, ойнап жүр. Ата-анасы жақында келеді деп ойлайды. Анасы мен әкесі қайда деп сұрағанда не деп жауап беретінімізді білмеймін. Мәйітханада мәйітті орап, ашуға тыйым салды. Қатты соққыдан бет-әлпеті тануға келмейді. Жаназаға дейін жуындырмады да. Олар үнемі бірге жүретін. Үнемі үйге асығатын. Балалар таң атқанша анасы мен әкесін күтті", – дейді туысы Гүлнар Тұрсынбекова.

Марқұмдардың туыстары ерлі-зайыпты үйге оралмаған кезде үлкен қызы бірдеңе дұрыс емес екенін сезгенін айтады. Әкесі мен анасын іздей бастаған. Қыз аурухана мен полицияға хабарласқан. Кейін ата-анасының денесі мәйітханада екенін білген.

"Полиция қызметкерлерінің қолдарында жеке куәліктері болған. Бірақ бізге ешкім қоңырау шалған да жоқ. Біз өзіміз іздеп, мәйіттер мәйітханада жатқанын білдік. Автобус ағамыз бен жеңгемізді басып кеткен. Неліктен күдікті "Бұзақылық" бойынша ұсталып отыр. Адамдар өлді. Жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал шыққанын естідік. Жүргізуші үндемей қалуы керек еді", – дейді туысы Абдулла Құрбанов.

Талап пен Гүлжахан студенттік жылдары танысқан. Олар ширек ғасыр бірге өмір сүрген. 45 жастағы ерлі-зайыпты мектепте жұмыс істеген. Екеуі де қазақ әдебиетінен сабақ берген.