20 нау, 2019 сағат 12:32

Тоқаев қандай саясат жүргізетінін мәлімдеді

Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бар күшін халық игілігіне жұмсайтынын айтып, еліміздің ендігі саясаты қандай болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, ол бар тәжірибесін Елбасының сындарлы саясатын жалғастыруға жұмсамақ.

"Алдағы миссияның бар жауапкершілігін сезіне отырып, бар тәжірибемді Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын жалғастыруды жоспарлап отырмын. Баршамызға ортақ мақсат – Елбасының басты саяси тарихи мұрасы, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сақтау және нығайту", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар жаңа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен өкілеттігін тоқтатуына қатысты пікірін білдірді.

"Президент ретінде өз еркімен өкілеттігін тоқтату арқылы Нұрсұлтан Назарбаев барша әлемге данышпан, ұлы саясаткер әрі демократиялық құндылықтарға шынайы берілген адам екенін көрсетті. Ол бойындағы осындай қасиеттерімен отандық және әлем тарихында ізін қалдырды", - деді ол.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың күші бірлікте екенін, ал өзі қазақстандықтарға адал қызмет етуге сөз беретінін атап өтті.

"Мемлекеттің болашағы үшін маңызды сәтте барлығы Қазақстанды демократиялық және өркендеген мемлекетке айналдыру идеясында топтасуы керек. Алдымызда отанымыздың болашағы үшін атқаратын ауқымды және күрделі жұмыс тұр. Бар күш жігерімді, ел игілігіне жұмсауды, халқымызға адал қызмет етуді өзіме міндет деп есептеймін", - деп түйіндеді сөзін Қазақстанның жаңа Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет үшін маңызды шешімді қабылдар алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың беделді пікірін ескеретінін де мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қауіпсіздік кеңесінің, әрі Nur Otan партиясының, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы және ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі болып қала береді.

"Әсіресе, стратегиялық маңызды сипаттағы шешімдерді әзірлеп, қабылдаған кезде Елбасының беделді пікіріне ерекше басымдық беріледі. Осылайша, біз тыныш және қақтығыссыз жағдайда билікті өткізіп жатырмыз. Бұл мемлекеттің ішкі тұтақтылығын сақтауға, әрі Қазақстанның әлем алдындағы беделін нығайтуға тың серпін береді", - деді жаңа президент.

Сонымен қатар Тоқаев Елбасының өкілеттігін тоқтауы билікке келетін жас ұрпақ үшін жақсы үлгі екенін атап өтті.