06 жел, 2018 сағат 12:18

Жансейіт Түймебаев заң қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, өркениетті елдердің даму жолына түсті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы барысында мемлекеттік органдар арасында прокуратура органдарының орны мен рөлі жаңа мазмұнмен толығып, прокурорлық қадағалаудың өкілеттіктері өзгерді.

Алайда, қаншама өзгеріске ұшыраса да, прокуратура құқық қорғау органы болып қалып отырды. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Мемлекетіміздің барлық кездегі даму сатысында прокуратураның алдында әрбір азамат өздерінің құқықтарына қол сұғылғанда оларды қорғайтын бірінші әрі ең жақын қорғаушы прокурорлар екенін білетін және түсінетін жұмыс бағытын белгілеу міндеті тұрды.

Еліміздің құқықтық жүйесіндегі ең жоғарғы қадағалаушы прокуратура органдары Конституциямен белгіленген міндеттерінің талаптарына сәйкес  Қазақстан Республикасы аумағында күші бар заңдардың қолданылуын, қылмыстық іс жүргізу сатыларында заң бұзушылықтардың жіберілмеуін, заңдылықтардың дәлме дәл орындалуын қадағалап, сот актілерінің әділдігіне ықпал ету жұмыстарын жүргізіп келеді.

Прокуратура органдарының қызметкерлері халықтың сеніміне олардың құқықтары мен конституциялық бостандықтарын қорғау арқылы ие болып отыр.

Прокуратура қызметкерлері прокуратура органы қалыптасқалы бері заңдылықтың күзетінде жүріп, елімізде заңның дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуде табандылық танытып, аянбай еңбек етіп, өз қызметтік міндеттерін адал атқарып келеді.

6 желтоқсан күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев "Прокуратура күні" мерекесіне орай, аталған салада қызмет етіп жүрген барша заң қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған салтанатты шараға қатысты.
 
"Құрметті Прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді ҚР Прокуратурасы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздікпен қатар жасап келе жатқан бұл маңызды орган - құқық қорғау жүйесінің орталық институттарының біріне айналды. Прокуратура органдары бүгінгі таңда құқықтық саясатты, адамдардың конституицялық құқығын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіп саласында өз міндеттерін ойдағыдай атқаруда", - деді өңір басшысы.
 
Мұнан соң, аталған сала мамандарын бүгінгі кәсіби мерекемен облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұловтар құттықтады. Салтанатты басқосуда 16 прокуратура саласының қызметкері марапатталып, жас прокурорлар ант қабылдады.
 
Жалпы, 2018 жылдың 11 айында облыстық прокуратурамен 13 мыңға жуық азаматтың конституциялық құқығы қорғалса, оның 2300-і жасөспірімдер құқығына байланысты болған. Ал облыс әкімдігімен бірлескен "Қауіпсіз орта қалыптастыру" іс-шарасы аясында прокуратура қызметкерлері басқарған топтар 102 елді мекенде 70 мыңға жуық адаммен кездесіп, 3 мыңнан астам құқықтық көмектер көрсетіпті.