17 жел, 2025 сағат 16:16

Ақмола облысында құны 2,2 млрд теңгені құрайтын орман қоры жерлері мемлекетке қайтарылды

Фото: Gov.kz

Ақмола облысының прокуратурасы орман заңнамасының сақталуына жүргізілген тексеріс нәтижесінде жалпы кадастрлық құны 2,2 миллиард теңге болатын мемлекеттік орман қорының жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Ult.kz.

Атап айтқанда, Ақкөл ауданының прокуратурасы аудан аумағында туристік кластерді дамытуға кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында тұрақты түрде талдау жұмыстарын жүргізген. Тексеру барысында орман пайдаланушыларына сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар үшін жалға берілген жерлердің мақсатты түрде пайдаланылмағаны белгілі болды.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде мемлекеттік орман қорының 10 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұл учаскелер енді туристік бизнесті дамытуға мүдделі әлеуетті инвесторларға беруге мүмкіндік ашады.

Прокуратура аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.