17 жел, 2025 сағат 16:31

Алматыда экономикалық өсім жеделдеп, инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті

Фото: Pexels.com

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2025 жылдың қаңтар–қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырды. Әкімнің айтуынша, қаланың басты басымдығы – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету, деп хабарлайды Ult.kz.

Биыл Алматыда іскерлік белсенділік жоғары деңгейде сақталып, инвестициялық серпін оң бағытта дамыды. 11 айдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 11,4%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен асып түсті. Экономикалық өсімге құрылыс саласы (+38,3%), көлік (+21,5%) және өңдеу өнеркәсібі (+16,8%) негізгі үлес қосты.

Инвестициялық белсенділік те айтарлықтай артты. Қала экономикасына 11 айда 1,9 трлн теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көп. Жалпы құны шамамен 500 млрд теңгені құрайтын 12 ірі жоба іске қосылды. Олардың қатарында автокөлік шығару, шиналарды қайта өңдеу, шыны ыдыс және күн модульдерін өндіру зауыттары бар.

Жыл қорытындысы бойынша Алматының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 6,4% деңгейінде болады деп күтілуде. Ал 11 айда қала бюджетіне түскен салық көлемі 1,97 трлн теңгеге жетіп, 19,4%-ға артқан.

Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында да оң өзгерістер байқалады. Жыл басынан бері 92 мың жаңа жұмыс орны ашылып, оның 87%-ы тұрақты жұмыс орындары болды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы 539 мың теңгеге жетіп, 14,5%-ға өсті. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден 29%-ға жоғары.