Фото: Ашық дереккөз
Алматы облысында болған ауыр жол-көлік апаты адам өлімімен аяқталды. Қайғылы оқиға 6 қаңтар күні тіркелген, деп хабарлайды Ult.kz.
Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің мәліметінше, жол апатына ұшырағандар Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина университетінде білім алып жүрген төрт үндістандық студент пен Үндістаннан келген бір турист. Олар Шымкенттен Алматыға бағыт алған.
Апат салдарынан екі студент оқиға орнында қаза тапты. Тағы үш азамат ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Елшілік хабарламасында марқұмдар Раджастхан штатының тұрғындары Каран Пармар мен Риширадж Барайттың отбасыларына көңіл айтылды. Сондай-ақ жарақат алған Манжит Сингх Соланки, Рахул Ядав және Гуджарат штатының тұрғыны, турист Бриджешкумар Бхараткумар Бхатиге тезірек сауығып кету тілегі білдірілді.
Қазіргі уақытта Үндістанның Астанадағы елшілігі қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларымен байланыс орнатып, Қазақстанның жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, барлық қажетті консулдық көмекті көрсетіп отыр.
