
Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов шаһардың бас жоспарының жобасы қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматыда бас жоспарды әзірлеу және дизайн-кодты енгізу, бірыңғай ережелерді құру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бас жоспардың жобасы бойынша жұмысты аяқтау 2020 жылдың соңына белгіленген болатын. Оны бекіту 2021 жылдың І тоқсанына жоспарланған»,– деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ол бұған дейін «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Алматы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы саласындағы қызметі үйлестіруге мүмкіндік беретін құзыреттілігі кеңейгенін атап өтті.
«Бас жоспарды түзетудің негізгі мақсаты қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, қауіпсіз, қолайлы, жайлы қалалық орта құру. Бұл Алматыны «шетсіз қала» етеді», - деді ол.
«Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға, сонымен бірге, дизайн-кодты енгізу бойынша норма енгізілді, ол өз кезегінде Алматы қаласы аумағындағы ғимараттардың қасбеттерінің, жарнама конструкцияларының архитектуралық шешімдеріне, жазғы алаңдарға, шағын сәулет нысандарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ оларды орналастыруды жүйелендіріп, ретке келтіреді.
«Алматыда дизайн-кодты енгізу – Қазақстан үшін пилоттық жоба. Көп еңбекті талап ететін бұл жұмыс мұқият зерттеуді, шығармашылық көзқарасты және нақты белгіленген ережелерді талап етеді. Бірқатар тармақтар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Алайда, пандемия түзетулер енгізді: қоғамдық тыңдаулар біраз уақытқа тоқтатылды», - деді Алмасхан Ахмеджанов.
Сонымен қатар, ол биылғы жылы қаланың көптеген жазғы алаңдары жалпы талаптарды ескере отырып ресімделгенін жеткізді. Жөндеуге немесе реконструкциялауға дайындық кезінде кейбір ірі тамақтану орындары ғимарат пен оған іргелес аумақты жобалау бойынша ұсыныстар алу үшін басқармаға жүгінуде.
«Бірыңғай ережелерді құру бойынша жұмыс жалғасуда. Дизайн-код жобасы қала тұрғындарына талқылау үшін ұсынылатын болады. Құжатты енгізу бойынша қоғамдық тыңдауды қайта бастау мерзімі қала мен елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты болады», - деп атап өтті А.Ахмеджанов. Алматының орталығы мен шет аймақтарында қолайлы ортаны дамыту жөніндегі Бас жоспардың жобасы 2021 жылы бекітіледі.
