Фото: BAQ.KZ
Қаңтар оқиғасының бастау алғанына он күннен кейін, яғни 2 қаңтарда 5 жыл толады. Қанды қырғын болғаннан кейін елде бірқатар өзгерістер болды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметінен кетіп, Үкімет таратылды. Ал жаңа Үкімет басына алдымен уақытша, сосын тұрақты Әлихан Смайылов келді. Қазіргі таңда ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы болып отырған Әлихан Смайыловқа Ult.kz тілшісі: «Қаңтар оқиғасы бойынша Үкімет тарапынан жіберілген қателіктер болды деп мойындайсыз ба? Егер уақытты кері қайтару мүмкін болса, сол кездегі Үкімет шешімдерінде нені басқаша істер едіңіз?» ‒ деген сұрақ қойды.Әлихан Смайылов Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдай қиын болғанын, әуелі елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге баса назар аударғанын жеткізді.
«Өте қайғылы жағдай болды. Жаңадан тағайындалған Үкіметтің алдында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мәселесі ең бастапқы мәселе болды. Естеріңізде бар шығар, тұрғынүй шаруашылығын, көлік саласын, банктер және сауда-саттық саласын қайта қалпына келтіру және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жұмыстары бастапқы айлары ең алдыңғы қатардағы мәселе болды. Сіздер білесіздер, біздің көрші мемлекеттерде де геосаяси шиеленіс басталды. Санкциялар, қосымша санкциялар, тәуекелдер өте жоғары болды. Сондықтан сол тәуекелдердің алдын алу үшін үлкен жұмыс істелді.
Сонымен бірге көп жылдан бері біздің инфроқұрылым жаңғыртылмаған, соның салдарынан кей бір апаттық жағдайлар орын алды. Сол апаттық жағдайларды шешу үшін көп уақыт та, күш те, қаражат та кетті. Сонымен қатар жаз айларында су тапшылығы мәселесі болды. Инфляция өте жоғары болды. Инфляцияның негізгі себептерінің бірі, ол ‒ Ресей рублінің АҚШ долларғына шаққандағы құны 90 рульдан 55-60 рульге дейін күшеюі еді. Соның салдарынан ресейлік тауарлардың барлығы бір мезгілде 30 пайызға қымбаттады. Оның барлығы бізге кері әсерін тигізді. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, бағаларды тұрақтандыру мәселесін алға қойды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы инфляция 21 пайыз болса, келесі жылы оны екі еседен астам мөлшерге төмендетіп, 9 пайыздан сәл-ақ асты. Сондай-сондай көптеген мәселелер болды», ‒ деді Смайылов.
Сонымен қатар «Инвестиция тартудан рекорттық деңгейге жеттік» деп мақтанышын білдірген бұрынғы Үкімет басшысы 2022 жылы Қазақстанға келген инвестиция көлемі 28 млрд. долларды құрағанын айтты. Ал негізі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2022 жылы 9 пайызға, 2023 жылы 10 пайызға өскен.
«Заңнамаға көптеген өзгерістер енгізіп, мыңнан астам бизнестке керексіз талаптарды жойдық. Сол оң әсерін берді деп ойлаймыз. Біз ай сайын Үкімет қарамағындағы отандық кәсіпкерлердің кеңесін өткізіп, олардың проблемаларын талқылап, жүйелі түрде шешуге тырыстық» ‒ дей келе Смайылов жалпы тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиісті жұмыстар істелді деп ойлайды.
Содан кейін:
«Бірдеңені қате жасадық деп айта алмаймын», ‒ деп сөзін қорытындылады қазіргі Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы.
Айта кетейік, Әлихан Смайылов 2022 жылдың 11 қаңтары мен 2024 жылдың 1 сәуірі аралығында ҚР Премьер-министрі лауазымында болған.
2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мәмин болды.
