19 ақп, 2026 сағат 17:26

Қарағанды облысында лицензиясыз жұмыс істеген мектепті тарату туралы сот шешімі шықты

Фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты уәкілетті органның лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асырған ЖШС-ны тарату туралы талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, серіктестік 2025 жылғы 13 мамырда «жалпы орта білім беру» негізгі қызмет түрімен тіркелген. Алайда 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап тиісті лицензиясыз оқу процесін жүргізген. Бұған дейін компания Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлды толық төлеген.

ЖШС өкілдері талап қоюды мойындамаған. Олардың айтуынша, ұйым 280 орындық мамандандырылған мектеп жобасын жүзеге асыру үшін құрылған. Ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынған, қазіргі таңда мектепте 166 оқушы білім алады. Штатта 35 қызметкер жұмыс істейді.

Сондай-ақ серіктестік лицензия алу үшін құжаттардың 90 пайыздан астамы дайын болғанын, 2026 жылғы 3 ақпанда берілген өтініштің қаралып жатқанын мәлімдеген. Олар ата-аналар тарапынан шағым түспегенін және білім сапасы төмендемегенін алға тартқан.

Алайда сот уәкілетті органның бұған дейін ЖШС-ға лицензия беруден екі рет бас тартқанын, бұл шешімдерге шағым жасалмағанын анықтаған.

Сот лицензия білім беру ұйымының балаларды оқытуға құқығын растайтынын, мемлекеттік стандарттардың сақталуын, білікті педагогтар мен қауіпсіз инфрақұрылымның болуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Сонымен қатар, тек лицензиясы бар мектептер ғана мемлекеттік үлгідегі аттестат беруге құқылы екені көрсетілген.

Лицензияның болмауы білім сапасына әсер етпейді деген уәж сот тарапынан негізсіз деп танылды.

«Білім туралы» заңның 40-бабы 2-1-тармағына сәйкес, сот заңды тұлғаны тарату туралы талапты қанағаттандырды.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.