08 қаң, 2026 сағат 11:58

Қазақстандағы ХҚКО трансформациясы: қызмет онлайнға көшеді


Фото: gov.kz


Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмысы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Болашақта дәстүрлі «терезелер» саны қысқарып, қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта көрсетіледі, деп хабарлайды Ult.kz.


Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, ХҚКО-лар селф-аймақтар мен өзіндік қызмет көрсету кеңістіктері үлгісіне көшеді. Бұл орталықтарда қызметкерлер қағаз қабылдап, анықтама беруші емес, азаматтарға кеңес беріп, цифрлық қызметтерді пайдалануға бағыттайтын маман рөлін атқарады.


Негізгі мақсат – тұрғындарды мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға үйрету. Дегенмен, қалаларда дәстүрлі қызмет көрсету аймақтарының белгілі бір бөлігі сақталады. Бұл цифрлық сервистерді пайдалану дағдысы қалыптаспаған азаматтар үшін өтпелі шешім ретінде қарастырылған.


Биылдан бастап онлайн форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізімі кеңейеді. Атап айтқанда, жеке куәлікті жоғалтып алған жағдайда қайта рәсімдеу, паспортты алғаш рет алу сияқты маңызды қызметтер толықтай цифрлық жүйеге көшеді.


Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін қайта алу қызметі қазірдің өзінде онлайн форматта қолжетімді. Ал жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін өтініш тек интернет арқылы қабылданады.