Фото: Pexels.com
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану мен қатыгездік әрекеттері үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер топтамасын қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Заң жобасына сәйкес, Қылмыстық кодекске қызметтік міндетін атқару кезінде медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өмірі мен денсаулығына қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін жаңа бап енгізіледі.
Атап айтқанда, күш қолданамын деп қорқытқаны үшін айыппұл салу, қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза 3 жылға дейін қатаңдатылады. Ал өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану фактілері үшін 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын жағдайларда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекске осы санаттағы істерді алдын ала тергеп-тексеру ішкі істер органдарының құзыретіне берілетіні туралы норма енгізілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елде медицина қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген, оның 58-і биыл анықталған. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттері қойылып, жедел жәрдем бригадаларына бейнежетондар мен дабыл түймелерін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ведомство медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырып, қабылданған заңнамалық өзгерістер олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
