10 ақп, 2026 сағат 16:13

Олжас Бектенов 2026 жылы халдықтың жалақысын көтеру көзделгенін айтты


Фото: baq.kz

Сейсенбі күні Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов азаматтардың жалақасын көтеру туралы жоспармен бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол өз сөзінде халықтың табысы экономиканың өсу қарқынына ілесе алмай отырғанын айтып, еңбек ақыны 40%-ға жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді.

"Атап айту керек, азаматтарымыздың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмеді. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен 30%-дан асып тұр, бұл – Орталық Азияда жоғары көрсеткіш. Бірақ біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткішке – 40%-ға жету", - деді Олжас Бектенов. 


Премьер-министр жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр деп мәлімдеп, осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеуде екенін жеткізді.

"Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған", - деді Премьер-министр.

Ресми деректерде 2025 жылғы IІI тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша айлық жалақының орташа мәні көрсетілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша осы уақытта Қазақстанда айлық жалақының орташа мәні 429368 теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда 10,0%-ға өскен.