26 қаң, 2026 сағат 16:49

Президент Бас прокуратурада жиын өткізіп, заң үстемдігі мен цифрландыруды басты басымдық ретінде атады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада өткен жиында елімізде ауқымды өзгерістер жүріп жатқанын айтып, алда Конституциялық реформа жүргізу және мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде барлық салада цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – уақыт талабы. Бұл ретте заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі қағидатына айналуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам мен мемлекет үшін заң мен тәртіптің маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Қоғамымызға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет. Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына көз жеткізіп отырмыз. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек және бұл қағидат жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізілуі тиіс», – деді Президент.


Мемлекет басшысы Бас прокуратураның бұл бағыттағы рөлі айрықша екенін айтып, прокуратура қызметкері заң бұзушылыққа бейтарап немесе селқос қарауға құқылы емес екенін қадап айтты.

Сонымен қатар Президент құқық қорғау жүйесіндегі цифрландыру үдерісінің біркелкі емес екеніне назар аударды. Оның айтуынша, әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетінше дамытып, бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп отыр.

«Біртұтас жүйе жоқ. Кейбір органдар цифрлық тәсілдерді тиімді қолданса, енді бірі қыруар қаржы жұмсап, нәтиже шығара алмай отыр. Бұл – нағыз жымқыру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, олардың тиімділігін арттыруды және күштік құрылымдарға арналған бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруды тапсырды.

Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесіне де арнайы тоқталды. Ақпараттық кеңістікте жеке деректердің таралу фактілері жиілеп кеткенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін жеткізді.

Фото: Ақорда

Сондай-ақ Мемлекет басшысы киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау керектігін мәлімдеді.

«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз интернет алаяқтарының құрбаны болып жатыр. Қазір мұндай қылмыстардың тек бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш», – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыруды да өзекті мәселе ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан шетел азаматтары үшін транзиттік әрі тұрақтап қалуға қолайлы елдердің біріне айналып отыр.

Президент Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алу мен бақылауға арналған техникалық құралдарды жетілдіруді тапсырды.

Жиын барысында Мемлекет басшысы деструктивті контентті тарату мәселесіне де тоқталды. Ол жасанды интеллектінің кейбір адамдар тарапынан ақпараттық қаруға айналуы мүмкін екенін айтып, мұндай әрекеттерге құқықтық баға беру қажеттігін жеткізді.

«Қоғамды жікке бөліп, өшпенділікке итермелейтін контентке жол беруге болмайды. Азаматтарға деструктивті ақпарат таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сөз соңында Президент тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол берілмейтінін атап өтіп, отаншылдық ұғымын жауапкершілік пен жасампаздықпен байланыстырды.

«Отаншылдық – ұран емес. Бұл – Отаныңа пайда әкелу, еліңе қызмет ету», – деді Мемлекет басшысы.