26 қаң, 2026 сағат 12:08

Семейде мас күйдегі ер адам полицияның қызметтік көлігін өртеп жіберген


Фото: Видеодан скриншот

Мас күйдегі ер адам полицияның екі бірдей қызметтік көлігін өртеп жіберген, деп хабарлайды Ult.kz.

Әлеуметтік желілер мен қазақстандық жаңалық порталдарында екі бірдей көліктің жанып жатқан сәті бейнеленген видео тарады. Кадрлар 2026 жылғы 25 қаңтарда шамамен сағат 18:10-да Семей қаласындағы учаскелік полиция пунктінің маңында түсірілген. Видеода құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тиесілі Chevrolet Cobalt пен Changan маркалы автокөліктерді жалын толық шарпығаны анық көрінеді.

Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті — бұрын сотталған, 66 жастағы жергілікті тұрғын. Өрт қойған сәтте ер адам алкогольдік масаң күйде болған.

«Бұрын сотталған жергілікті тұрғын алкогольдік масаң күйде бола тұра учаскелік пункттің маңында полиция қызметкерлеріне тиесілі Chevrolet Cobalt пен Changan маркалы екі автокөлікті өртеп жіберген», — деп хабарлады Абай облысы ПД баспасөз қызметі.


Оқиғадан кейін бірден оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері жетті. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекеті мемлекеттік органдарға тиесілі мүлікті қасақана жою ретінде сараланатынын, бұл ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.