23 жел, 2025 сағат 10:48

Тоқаев пен Путин екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Санкт-Петербургте өткен дәстүрлі кездесудің мазмұнды болғанын атап өтіп, келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы өзара ықпалдастық мәселелері қаралғанын айтты.

«Жаңа жыл қарсаңында дәстүрге айналған Петербургтегі кездесуіміз мазмұнды өтті. Біз ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселені қарастырып, шешімдер қабылдадық. ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды, өзекті мәселелері талқыланды. ТМД – беделді әрі заман талабына сай халықаралық ұйым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Ол 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелі өткенін атап өтіп, көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға ерекше мән береді. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымызды нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.


Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызмет және екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі талқыланғанын айтты.

«Біз кешеден бері біраз жұмыс атқардық. Бүгінгі бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызметімізді және екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқыладық. Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара байланыстардың басым бағыттарын дамыту үшін арнайы кездескеніме қуаныштымын. Менің ойымша, барлық сала оң қарқынмен алға ілгерілеп келеді. Екі ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоқ», – деді Владимир Путин.


Кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған.