19 жел, 2025 сағат 12:50

Жәнібек Әлімханұлы допинг жанжалынан кейін жаңа санкцияларға ілікті


Фото: sarbaz.kz
Қазақстандық боксшы, орта салмақта IBF/WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) The Ring журналының беделді рейтингіндегі орнынан айырылды, деп жазады Ult.kz.

Әлімханұлы орта салмақ рейтингінде бірінші орында тұрған еді. Алайда допинг-тесттің оң нәтиже беруіне байланысты болған оқиғадан кейін «Қазақ стилі» топ-10 қатарынан шығарылды. Бірінші орынға WBC тұжырымы бойынша чемпион атанған доминикандық Карлос Адамес көтерілді. Ал үздік үштікті кубалық Йоэнлис Эрнандес пен Эрисланди Лара түйіндеп тұр.

Еске салайық, 7 желтоқсанда Әлімханұлы мен Лара орта салмақтағы әлем чемпионының үш бірдей титулы үшін жекпе-жекке шығуы тиіс болған. Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда Жәнібектің допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталды. Соның салдарынан кездесу өтпей қалды.

Нәтижесінде Лара Әлімханұлының орнына Венесуэладан соңғы сәтте шақырылған Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Ал Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша қазіргі уақытта ішкі тергеу жүргізіліп жатыр, «B» сынамасын ашу қаңтар айына жоспарланған.