Фото: КТК
Ақтөбе облысында жүкті келіншектің қазасына қатысты тергеу басталды. 41 жастағы Айжан Аязбаеваның отбасы ана мен бала өліміне жедел жәрдем қызметкерлерін кінәлайды. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасап Ult.kz хабарлайды.
Руслан Сырлыбаев, күйеуі:
— Фельдшерлерден. Тым жақсы жүрген адам ғой. Қан қысымы 210 болса, ондай күйде болмайды. 28-і күні концертімізге бардық. Балдызым концертке апарды. Фельдшерлерден, соны заң талабымен шешілгенін қалаймын.
Руслан осыдан төрт ай бұрын отбасымен көрші Атырау облысынан балаларының оқуына байланысты Ақтөбеге көшіп келген. Жаңа қонысы жайлы болады деген үміті ақталмады. Үш апта бұрын жүкті келіншегі ауырып, жедел жәрдем шақырады. Ондағы мамандар қан қысымының көтерілгенін айтып, дәрі беріп, егеді. Екпеден соң жарының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізгенде есінен айырылған. Екі апта комада жатып көз жұмды. Дүниеге келген сәбиі де перзентханада шетінеп кеткен.
Облыстық денсаулық сақтау бақармасындағылар ана мен бала өліміне қатысты тексеру жүріп жатқанын айтады. Соның қортындысы бойынша ғана 41 жастағы келіншектің неліктен көз жұмғаны анықталады.
Анар Ақатаева, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:
— Қаралы отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Аймақта ана өлімі тіркелгені рас. Қазір денсаулық сақтау бақармасы тарапынан жан-жақты тексеру жүріп жатыр. Соның нәтижесінде ғана нақты шешім қабылданады. Оның қорытындысымен марқұмның туыстары міндетті түрде танысады.
