25 мам, 2018 сағат 15:18

Абай атындағы университетте ҚХА кафедрасы ашылды

Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны саналатын қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды. 

Кафедраның ашылу салтанатына еліміздегі этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізіп келе жатқан ҚХА мүшелері мен этномәдени орталықтардың өкілдері, университет басшылығы және студенттер қатысты.

Жалпы алғанда, Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту, сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруіне және Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеп, сақталуына үлес қосу екенін жақсы білеміз.

Осы ойларды тілге тиек еткен ҚХА Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Л.А.Прокопенко құттықтау лебізін білдіре отырып, кафедраға кітаптар топтамасын сыйға тартты. Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Т.О.Балықбаев және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралар қауымдастығының президенті А.А.Башмаков өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Қол қойылған негізгі құжат «Қазақстан – 2050» стратегиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, елімізде ұлтаралық татулықты, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтауға негізделген шараларды жүзеге асыру арқылы білім, ғылым, мәдениет және ақпараттық кеңістіктегі өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Одақ бөлек, ғылыми қауымдастық пен студент жастарды ұлтаралық бірлік пен қоғамдық келісім үдерістеріне толыққанды қатысуға мүмкіндік туғыза отырып, азаматтық және мәдени келісімдердің тиімді жүзеге асуына ықпал ету болып табылады.

Салтанатты шара «Бес әлеуметтік бастама – әлеуметтік бірліктің тұғыры» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жалғасын тапты. Дөңгелек үстел барысында университет ректоры Т.О.Балықбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының негізгі ұстыны - Қазақстанның даму болашағы ұлтаралық келісім негіздерінде жатқандығын атап өтті.

«Елбасы саясатының арқасында еліміздің әрбір азаматы үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы жеткен татулық, бірлік, сенім мен тең құқылық маңызды қасиеттер болып табылады. 1995 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда ел бірлігінің алтын арқауына айналды. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы ұйымдастырушылық әлеуеті толысты. Ел дипломатиясының маңызды бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар Ассамблея ғылыми ұсыныстар мен жастарға білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Еліміздің білім беру орындарында Ассамблеяның ғылыми сараптамалық кеңесі, кафедралары жұмыс істейді. Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында тағы бір кафедраның ашылуы студенттер арасында татулық пен бірлікті, достықты нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Бүгінгі күні университетте отыз бестен аса ұлт өкілдерінің балалары білім алуда» деп атап өткен уректор кафедра меңгерушілігіне тағайындалған тарих ғылымының докторы, профессор Г.В.Канға құттықтау лебізін білдірді.

Келесі сөз кезегін алған ҚХА Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Л.А.Прокопенко кафедраның ашылуы он жыл аясында жұмыс істеп келе жатқан ҚХА кафедралар қауымдастығы үшін үлкен жетістік екенін баса айтты. Себебі, осы кафедрада білім алатын болашақ педагогтар ертеңгі күні еліміздің барлық аймақтарына білім беруге аттана отырып, ел болашағының, оның рухани жаңғыруының бастамашысы болады әрі жаңа кафедра ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жұмысының жандануына ықпал ететінін тілге тиек етті.

Бүгінде бұл қозғалыстың алдында рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда «Ұлы дала елі» сакралды бағдарламасының алғашқы кезеңі - «Қамқор» акциясы 9 мамырда  өтсе, 31 мамырда «Тағзым» акциясы жоспарланып отыр. Ал 14 маусымда ҚХА еліміздің сакралды аймақтарында танымдық бағдарламаларды жүзеге асырып, тарихи-мәдени мәліметтерді жинауға ат салысатын болады.

Ассамблеяның алдында тұрған негізгі міндет рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру екендігіне тоқталған ҚХА кафедралар қауымдастығының президенті А.А.Башмаков бүгінде оқу орындарында жұмыс істейтін ҚХА-ның  қырыққа жауық кафедрасы еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қызмет ететінін айтты. Жаңа ашылған кафедраның меңгерушісі Г.В.Кан барлық этникалық өкілдіктер үшін есіктерінің әрқашан ашық екенін де қоса кетті. 

Одан кейін құттықтау лебіздерін білдірген Түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Ш.А.Асиев, Еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы А.И.Барон, Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы А.Б.Шардинов, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Осман, «Барбанг» күрд мәдени бірлестігінің төрағасы К.И.Мирзоев, студенттік «Бірлік» Ассамблеясының мүшесі Е.Кучумидзе ел бірлігінің негізі татулықта дей келе, қазақ халқына құрметтерін білдіріп, туған елімізді бірлесе қастерлеуге тиіспіз деп атап өтті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ