09 сәу, 2026 сағат 12:44

3 миллиардтың схемасы: Қостанайда субсидияны “саудалаған” топ сотталды


Фото: medicalbusinesschool.com


Қостанайда мемлекеттік субсидияларды жымқырып, қылмыстық кірісті заңдастырған 15 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.


Тергеу деректеріне сәйкес, "Beef Export Group" ЖШС басшысы Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ субсидияларды заңсыз иемденудің күрделі схемасын құрған. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары, аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ветеринариялық мамандар тартылған.


Қаскөйлер ірі қара малды сатып алу және оны қайта өңдеу бойынша жалған құжаттар рәсімдеу арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған. Құжат жүзінде сатып алынған мал үшін төленгендей көрсетілген қаржы кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, бақылаудағы ұйымдардың шоттарына қайта аударылып отырған.


Осының салдарынан мемлекетке 3 миллиард теңгеден астам залал келтірілді. Тергеу барысында күдіктілер 107 миллион теңгеден астам қаржыны ерікті түрде өтеген.


Сот үкімімен қылмыстық схеманы ұйымдастырушы Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған 14 қатысушы 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Сонымен қатар, жалпы құны 3 миллиард теңгеге жуық мүлік, оның ішінде 1,3 миллион АҚШ доллары мен 700 миллион теңге тәркіленді.


Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.