26 нау, 2026 сағат 12:40

Кино нарығындағы дау: Kinopark — Kinoplexx Theatres заңсыз төлем сұраған


Фото: yandex.kz


ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Kinopark — Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің әрекеттерінен үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.


Ведомство мәліметінше, аталған желі отандық киноөндірушілерге міндетті түрде жарнама бюджетiн төлеу талабын қойған. Ал бұл төлем жасалмаған жағдайда фильмдер кинотеатрларда көрсетілімге жіберілмеген.

Агенттік мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзғанын атап өтті. Сонымен қатар, бұл әрекеттер киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергі келтіріп, отандық кинематографияның дамуын тежеген.


Осыған байланысты Kinopark — Kinoplexx Theatres компаниясына бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері туралы хабарлама жолданған. Хабарламаны қарау нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Атап айтқанда, міндетті жарнамалық төлемдер тоқтатылып, фильмдерді прокатқа шығару үшін талап етілген «кіру төлемдері» алынып тасталды.


Сондай-ақ қазір фильмдерді релиздер кестесіне енгізу, сеанстарды өзгерту, прокат мерзімін белгілеу және фильмдерді көрсетілімнен алу тәртібін реттейтін бірыңғай әрі ашық регламент әзірленіп жатыр.


Қабылданған шаралар нарықтың барлық қатысушысына тең жағдай жасауға, кинопрокаттың ашықтығын арттыруға және отандық киноиндустрияның дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.


Бұған дейін кинотеатрлардың ұлттық фильмдерді көрсетуге қызығушылық танытпай отырғаны да айтылған болатын.