18 қаз, 2023 сағат 12:35

Адамның ішкі ағзасын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды


Алматы облысының полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен адамның ішкі органдарын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелеріне 22 фигурант (ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар) жеткізілген. Олар реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды рәсімдеу және ішкі органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен.

"Келісім сомасы 6-10 миллион теңгені құрады, осындай сегіз факт анықталды.

Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды.

Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді" - делінген хабарламада.

ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады.

"ҚР ҚК-нің 116-бабы (“Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою”) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген хабарламада.