13 нау, 2026 сағат 15:42

Астанада гүл жеткізу алаяқтықтары тіркелді: тұрғындар 600 мың теңгеден айырылды


Фото: depositphotos.com


Астанада Халықаралық әйелдер күнін тойлау кезінде жасалған интернет-алаяқтықтың бірнеше дерегі анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қала тұрғындарының біріне өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Ол әйелге гүл шоғы жеткізілетінін айтып, "тапсырысты растау" үшін телефонына келген кодты сұраған.


Тұрғын кодты беріп қойғаннан кейін оған өзін банк қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам хабарласып, шотында күмәнді операциялар тіркелгенін айтқан. Алаяқтар ақшаны "қауіпсіз шотқа" аудару қажет екенін мәлімдеп, әйел 600 мың теңгеден астам қаражатты аударып жіберген. Қазіргі уақытта полиция ақша аударылған шотты анықтады.


Тағы бір дерек бойынша, 18 жастағы тұрғын сүйіктісіне гүл шоғын арзан бағамен сатып алу үшін интернет-платформадағы хабарландыруға сеніп, алдын ала ақша аударғаннан кейін сатушы байланысқа шықпаған. Бұл дерек те полицияда тіркелді.


Полиция азаматтарға келесі сақтық шараларын ұстануды ескертеді:


Үшінші тұлғаларға ешқашан растау кодтарын айтпаңыз;
Күмәнді қоңыраулар кезінде сөйлесуді тоқтатып, банкке тек ресми нөмір арқылы хабарласыңыз;
Интернет арқылы тапсырыс жасағанда сенімсіз сатушыларға алдын ала ақша аудармаңыз.



Полиция тұрғындарды қырағы болуға және алаяқтардың айласына түспеуге шақырады.