27 мау, 2023 сағат 15:55

АИ-95 маркалы бензин қымбаттауы мүмкін – министр

© Photo: Qazaq oil баспасөз қызметі

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қордың жетіспеуінен АИ-95 маркалы бензин қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, АИ-92 бензині елімізде жеткілікті. Мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында 23 күнге жететін қор тұр.

"Бізде АИ-95 бензині бойынша белгілі бір тәуекелдер пайда болды. Оның бағасы өсуі мүмкін, бірақ бұл - реттелмейтін сала, өйткені жазғы маусымда сапарлар саны артады, әсіресе курортты аймақтарға. Осыған байланысты біз дәл осы 95-ші бензин бойынша тәуекелдерді байқап отырмыз", - деді Сәтқалиев Үкімет кулуарында.

Ол министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Көрші Ресейден АИ-95 бензинінің қажетті көлемін импорттау бойынша мұнай өңдеу ұйымдарымен және желілік компаниялармен жиын өткен.