03 қаң, 2024 сағат 16:30

Ақмола облысында ер адам жұмыс орнынан 34 млн теңге жымқырған


Фото: Polisia.kz

Аршалы ауданында жергілікті ЖШС-нен 34 млн теңге ақша жымқырған 33 жастағы ер адам істі болды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 9 маусымында Аршалы аудандық полиция бөліміне жергілікті ЖШС бірінің басшысы арызбен жүгінген. Ер адамның сөзінше, ол кәсіпорынның қаржылық құжаттарын тексеру кезінде 34 миллион теңгенің қолды болғанын байқаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ретінде аталмыш ЖШС-нің 33 жастағы қызметкері анықталды. Күдікті жалған мәліметтерді енгізу арқылы кәсіпорынның ақшасын өзінің банктік шотына аударған. 

- Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе ысырап ету» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Сот-экономикалық сараптама жүргізілуде, - деді ведомстводан.