14 ақп, 2024 сағат 09:14

Ақмола облысындағы әскери колледжде кадет қаза тапты

14 ақпанда Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің 1-курс студенті тәуліктік кезекшілік қызметі кезінде өзіне оқ атып, қаза тапқан. 

“13 ақпанда Ш. Уәлиханов атындағы Әскери колледжде 1-курс кадеті тәуліктік кезекшілік міндетін өтеуге кірісу барысында бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, мерт болды. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – делінген қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесінде. 


Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді.

“Қорғаныс министрлігі басшылығы және әскери колледждің жеке құрамы кадеттің отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады”, – делінген хабарламада. 


Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжі Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан. Колледж – қарулы күштер құрамына кәсіби сержанттарды дайындайтын негізгі орталық.