06 жел, 2023 сағат 18:30

АҚШ Израильді Газадағы бейбіт тұрғындардың қырылуына жол бермеуге шақырды

Фото: REUTERS

Израиль армиясының Газа секторындағы әскери қимылдарынан көптеген адам зардап шегіп һәм қаза боп жатыр. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі одақтасына қысым жасауға талпынып, Израильді Газа секторының оңтүстігіндегі бейбіт тұрғындардың қырылуына жол бермеуге үгіттеп жатыр. Вашингтон қысым көрсету әдісі ретінде Израильге әскери көмекті қысқартуды пайдалануы ықтимал. Reuters осыған назар аударған.

АҚШ вице-президенті Камал Харрис пен мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Израильді бейбіт халық зардап шекпес үшін әскери операциясын мейлінше дәл жүргізуге шақырған.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "Газа секторы демилитаризациялануға тиіс", мұны "Израиль армиясы ғана қамтамасыз ете алады" деп тағы да мәлімдеді.

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Хан-Юнис қаласында құрлықтағы операция басталғалы бері кескілескен ұрыс жүріп жатыр.

ЦАХАЛ бас штабының басшысы Герци Халевидің мәлімдеуінше, Жан-Юнис қоршауға алынған, Газа секторында ХАМАС-қа қарсы құрлықтағы операцияның үшінші кезеңі басталған.

Сонымен қатар Газа секторы жақтан Израильге зымыран атқыланып жатқаны да хабарланды.

ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыс басталғалы бері Газада қаза болған адамдар саны 16 мыңға жуықтаған (шамамен 15 900 адам).