12 қаң, 2024 сағат 11:09

АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына соққы жасады


АҚШ және Ұлыбритания Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына соққы жасады, - деп хабарлады Reuters. Бұл - АҚШ-тың Йемендегі хуситтерге 2016 жылдан бері алғаш рет жасаған шабуылы.

Вашингтондағы төрт ресми дереккөз Reuters агенттігіне АҚШ ресми мәлімдемені "жуық арада" жасайтынын және әскери операцияның жай-жапсарымен таныстыратынын жеткізді.

BBC ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ және Ұлыбритания авиациясы мен әскери кемелері 12 қаңтарға қараған түні Йемендегі көтерілісші-хуситтерге соққы жасай бастаған. Иран қолдауына ие хуситтер кейінгі кезде Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуылды үдеткен еді.

Таяу Шығыстағы ақпарат құралдарының жазуынша, соққы портты Ходейда қаласы мен Йемен астанасы Сана халықаралық әуежайындағы нысандарға жасалған.

Соққы жөнінде АҚШ президенті Джо Байден және Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак та мәлімдеме жасады.

Арнайы мәлімдемесінде президент Байден АҚШ пен одақтастарының операциясын Йемендегі хуситтердің Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне жасаған шабуылына "теңдессіз" жауап деп атады. Соққыны АҚШ және Ұлыбританияның әскери теңіз күштері жасаған. Оларды Австралия, Бахрейн, Канада, Нидерланды қолдаған.

БАҚ-тың жазуынша, соққы ұшақ, су үсті және суасты кемелерінен жасалған. "Томагавк" қанатты зымыраны да пайдаланылған. Радиолокациялық станциялар мен дрондар қоймасына соққы жасалған.

Йеменнің басым бөлігін бақылауда ұстап отырған хуситтер ХАМАС-қа (кейбір елдерде террористік ұйым деп танылған) қолдау ретінде аймақтағы теңіз жолдарына шабуылдап жатыр. Хуситтердің шабуылы Еуропа мен Азия арасындағы маңызды сауда бағыттарын бұзған. Түрлі кеме компаниялары аймақтағы жұмысын тоқтатқан.

Йеменнің Ходейда қаласының үш тұрғыны Reuters агенттігіне бейсенбі күні қалада хусит күштері мен әскери жүк көліктерінің тез қозғалысына байланысты әуе дабылы іске қосылғанын айтқан. Ходейдадағы хуситтердің әскери нысандары мен лагерьлері де эвакуацияланып жатыр.

Америка әскері 11 қаңтарда хуситтер 19 қарашадан бері 27-рет кемеге шабуыл жасағанын, Аден шығанағындағы халықаралық теңіз жолдарына кемелерді жоятын баллистикалық ракета жібергенін мәлімдеді.

Осы аптада АҚШ және Ұлыбританияның әскери-теңіз күштері хуситтер Қызыл теңіздің оңтүстігіне жіберген дрондар мен ракеталарды атып түсірген. 

Йеменнің басым бөлігін басып алған хуситтер азаматтық соғыс кезінде Израиль немесе соған қатысы бар кемелерге шабуыл жасауға уәде берген. Алайда шабуылға ұшыраған кемелердің көбі Израильге қатысы жоқ.

Бейсенбі күні хуситтердің жетекшісі АҚШ-тың хуситтерге қарсы кез келген шабуылы "жауапсыз қалмайтынын" айтқан.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбритания мен АҚШ Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына соққы жасауға дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ сәрсенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен хуситтердің әрекетінің салдары болады деп айтқан. Ал Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шэппс журналистерге "оқиғаны қадалауға" кеңес берді.

Азаттық