13 қар, 2023 сағат 10:29

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген 2,1 млрд теңге ұрланды

Фото: Halyq Uni

Алматы облысындағы аурухананы басқарған компанияның басшысы мен есепшісі өздеріне бағынышты ұйымдардан медициналық бұйымдарды көрінеу жалған сатып алған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚМА аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, медициналық мекеме 2020 жылдың қазанда сенімгерлік басқаруға берілген.

"2020-2022 жылдар аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген 2,1 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланған.

Аталған тұлғаларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.