Фото: 365info.kz
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуде 2025–2027 жылдарға арналған ауаның сапасын жақсарту жоспарын қалай жүзеге асыратынын айтты. Бұл жоспардың бір бөлігі қалаға кіруді шектеуді қамтиды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мегаполистегі ауаның тазалығын қамтамасыз ету үшін Алматы билігі тұрақтар құнын айтарлықтай көтеруді көздеп отыр. Ал экологиялық стандарттарға сай келмейтін ескі көліктер үшін қалаға кіру ақылы болмақ.
«Жаз айларынан бастап (шілде-тамыз) тұрақтар құнын едәуір көтереміз. Мұны барлық ірі қалалар жасайды. Осылайша, кейбір көліктерді ығыстыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес пен мәслихаттың талқылауына төмен шығарындылы аймақтар (low-emission zones) құру мәселесін ұсынамыз», – деді әкім.
Ерболат Досаев шектеулерді енгізу көлік қызметінің сапасын жақсартқаннан кейін ғана мүмкін болатынын мәлімдеді.
«Маған Нью-Йорк туралы жиі айтады, онда қозғалыс 20%-ға азайған, себебі төлем енгізілген. Бірақ Нью-Йорк бұл қадамға ұзақ жылдар бойы дайындалды. Біз көлік инфрақұрылымы шамамен 2026 жылдың соңына қарай жаңғыртылса, 2027 жылдан бастап алғашқы төлем арқылы шектеулер енгіземіз деп болжап отырмыз. Яғни, егер көлік Алматыда тіркелген, бірақ қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келмесе, белгілі бір аймақтарға кіру ақылы болады», – деп түсіндірді Досаев.
Электромобильдер үшін кіру ақысыз болып қала бермек.
Ерболат Досаев 2025 жылдың күзіне қарай қалада интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл жүйенің есептері негізінде жол қозғалысы мәселесін шешу қарастырылмақ.
