23 мау, 2023 сағат 16:47

Алматы облысында кәсіпкер екі мектепті жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырған

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Алматы облысында екі мектепті жөндеу барысында аса ірі мөлшерде мүлікті жымқыру мән-жайы бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

2020 жылдың мамырында Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімі мен "ПМК-7К" ЖШС арасында жалпы сомасы 855 миллион теңге болған "Сарыбастау" және "Қарағаш" ауылдарындағы екі мектептің күрделі жөндеуін өткізуге шарт жасалған.

"Құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс компаниясының басшысы жобалау-сметалық құжаттамада көзделген жұмыстардың бөлігін орындамау, орындалған жұмыстардың актілерін жалған жасау арқылы аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқырған.

Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде ЖШС-тің есеп айырысу шотына 57,5 миллион теңге сомасында ақша қаражаты заңсыз аударылды", - делінген хабарламада.

ҚМА мәліметінше, тергеу нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, айыптау үкімі шықты. Сонымен қатар, сотталушымен мемлекетке келтірілген 57,5 миллион теңге сомасындағы залал толығымен өтелген.