04 қаң, 2024 сағат 14:30

Алматыда аудан әкімінің орынбасары қамауға алынды


Алматыда Жетісу ауданы әкімінің орынбасары ірі көлемде пара алу дерегі бойынша күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жетісу ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Ол жергілікті кәсіпкерлерден 14 миллион теңге көлемінде пара алу бойынша күдікті. Сома мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға, орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюға және жалпы қамқорлыққа алуға жәрдемдесуге арналған.

"Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі" - делінген хабарламада.