20 нау, 2026 сағат 15:34

Алматыда дәрігерлер 25 келілік алып ісікті сәтті алып тастады

Фото: ҚР ДСМ

Алматыда дәрігерлер салмағы шамамен 25 келі болатын алып ісікті алып тастап, науқастың өмірін сақтап қалды деп хабарлайды Ult.kz.

1957 жылы туған әйел бірнеше ай бойы іші қатты ұлғайғанына қарамастан дәрігерге жүгінбей, дәстүрлі емес ем-дом тәсілдеріне жүгінген. Ол түрлі биологиялық белсенді қоспаларды қабылдағанымен, ісік керісінше тез өсе берген. Тіпті туыстарының айтуынша, науқас қоспалар сатып алу үшін несие де алған.

Жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана ол Алматы онкологиялық орталығына қаралған. Тексеру барысында дәрігерлер науқастың іш және жамбас қуысын толық дерлік алып жатқан көлемі 55×35 сантиметр болатын алып ісікті анықтады.

Дәрігерлер шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдап, шамамен 2–2,5 сағатқа созылған күрделі операция жүргізді. Ота барысында ісік толық алынды.

Алынған ісіктің салмағы шамамен 25 келіні құрады. Гистологиялық зерттеу нәтижесінде қатерлі ісік – ретроперитонеальды липосаркома екені анықталды.

Қазіргі уақытта науқас химиотерапия қабылдап жатыр және дәрігерлердің бақылауында.

Мамандар бұл жағдай дәрігерге дер кезінде қаралудың маңызын еске салатынын атап өтті. Өздігінен емделу мен дәлелденбеген тәсілдерге сену денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді.