28 қар, 2020 сағат 12:29

Алтын Орда дәуірінің зерттеушісі

Египеттегі Қазақстан Респубикасының елшілігі алдында.

Биыл республикамызда мемлекеттік деңгейде аталып жатқан  үш шара  өз мәресіне жетпек. Олар: Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы, Абайдың туғанына 175 жылдығы. Қазақстанда тойланып отырған осы игілікті үш шараның да ислам дініне қатысы бар. 

Алтын орда мемлекеті тұсында Египет пен Дәшті Қыпшақ арасында дипломатиялық байланыс жолға қойылған кез ретінде ерекшеленеді. Осы дәуірде Египетте Қыпшақ мәмлүктері билік құрған еді. Бұрын құл ретінде сатылып, кейін тұтас елдің тізгінін қолына алған қыпшақтар алыстағы кіндік қаны тамған  туған жерімен шалғайлығына қарамастан байланыс орнатуға ерекше қажыр-қайрат жұмсады. Оның үстіне мұсылмандарды бір жағынан тәңіршіл моңғолдар, екінші жағынан крест жорығына шыққандар қысымға алғанда ислам дінін қабылдаған Шыңғыс ханның ұрпақтары билік жүргізген Алтын ордамен тізе қосып, ортақ жауларға келісе күресудің табысты болары айдан анық еді. Алтын орда мен Мысырдың арасындағы дипломатиялық байланыс туралы сөз қозғалғанда марқұм Бақытты Батыршаұлының есімі тілімізге оралады. Себебі ол азамат аталған кезеңдегі екі жақты қарым-қатысты  мұқияттап, арнайы  ғылыми тұрғыдан зерттеп  диссертация жазып, қорғаған, кейін осы жұмысының негізінде монографиялық кітабын бастырғанын біреу біледі, біреу білмейді. Марқұмның  бұл  көлемді еңбегі  күні бүгінге дейін маңызын жоймаған. 2006 жылы жарыққа шыққан монография бүгінде қолға түсе бермейтін сирек кітапқа айналған. 

БАТЫРША-ҰЛЫ Бақыт кім? Ол - арабтанушы, шығыстанушы, дипломат еді.

1965 жылдың Жамбыл облысы Шу ауданы Төлеби ауылында дүниеге келген.

1988 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің араб бөлімін аяқтаған соң 1988-1991 жылдары университеттің жолдамасы бойынша Алматы қаласы №86 қазақ орта мектебінде араб тілі мұғалімі болып жұмыс істеді.

1991-1992 жылдары Либия Араб Джамахириясындағы Әскери-техникалық орталығында араб тілі аудармашысы қызметін атқарды.

1992-1995 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің араб филологиясы кафедрасында оқытушылық жасады.

1995-1999 жылдар аралығында Мысыр Араб Республикасында ұзақ мерзімді ғылыми іссапармен болып, Мысыр кітапханалары мен қолжазбалар қорында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты және әл-Әзһар Халықаралық ислам университетінің тыңдаушысы болды.

1997 жылы  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасына түсіп, оны 2000 жылы аяқтады.

2001-2002 жылдар аралығында сол университеттің Тарих факультеті деректану және тарихнама кафедрасында аға оқытушы қызмет атқарды. 

2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих мамандығының деректану саласы бойынша «Мысыр Мамлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен байланыстары. XIII-XV ғғ. Араб жазба деректерінің негізінде» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

2003-2005 жылдар аралығында Қазақ гуманитарлық заң университетінің Халықаралық байланыстар орталығы директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды және осы университеттің Халықаралық қыпшақтану институтының аға ғылыми қызметкері болды.

2005 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметін атқарды.

2007-2012 жылдары Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстан елшілігінде Бірінші хатшы лауазымында дипломат болды. ҚР үкіметінің шешімімен Сирия Араб Республикасы астанасы Дамаск қаласында орналасқан Сұлтан Бейбарыс кесенесін жөндеу және әл-Фараби атындағы Қазақстан мәдени орталығын салуға атсалысты. Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаевтың Сирияға ресми сапарында жоғарғы аталған бабаларымыз туралы баяндама жасады және олардың аруағына арналған нышандардың құрылысы жәйлы мәлімет берді. 

2013-2015 жылдары ҚР Мемлекет басқару академиясының Дипломатия институтында тыңдаушы болып, ойдағыдай аяқтады.

Бақытты о дүниелік болып кетсе де оның жарқын бейнесі әлі  де көз алдымда. Жүзбе-жүз кездескеніміз, танысқанымыз - кандидаттық диссертациясын аяқтап, қорғауға дайындалып жатқан  мерзімі -  2002 жылдың сәуірі айы. Ол ғылыми жетекшісі – академик, атақты тарихшы қыпшақтанушы Болат Көмековтің сілтеуімен қызмет орныма іздеп келіпті. Диссертациясын оқып, пікір жазып беруімді өтінді. Оқыдым. Жұмыс маған ұнады. Жазбаша қолдау пікірімді бердім. Қазір жеке мұрағатымда сақталған пікірден үзінді келтіре кетуді жөн санадым: «Жас шығыстанушы  Б.Батырша-ұлының мұндай ауыр, қиын тақырыпты зерттеуге тәуекел етіп, бел бууын ғылымдағы  ерлікке теңесе артықтық етпес деп ойлаймын. Себебі  бұл тақырыпқа бару үшін араб тілін білумен қатар шет елдерде шашылып жатқан әр түрлі дереккөздерін жинау үшін ұзақ сапаларға бару қажет. Оның үстіне Мысыр тарихында мәліметтер мен құжаттары ең көп сақталған дәуір - мамлүктер билік құрған кезең. Ал осы дәуірді зерттейтін ғалымның  қаншама құжаттарды көз майын  тауыса отырып, оқып шығуына тура келетіні айтуға ғана жеңіл.

Диссертацияны Дешті Қыпшақ тарихын араб жылнамалары негізінде жүйелі түрде таразылаған  қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми жұмыс деп қабылдау орынды.

Диссертант қазақ тарихшыларының қолы жете бермейтін деректер мен дәйектерге табан тірей отырып, қыпшақтану тарихнамасын жаңа қырынан танытады.

Диссертация көтеріп отырған тақырып Қазақстан үшін аса маңызды, зәру тақырып болып саналады.

Ізденуші бұл бағыттағы жұмыспен шектеліп қана қоймай, келешектегі үлкен, іргелі зерттеуге ұластырса екен деген тілектемін.

Египеттегі қазақ студенттермен елшілікте кездесу

Б.Батырша-ұлының кандидаттық диссертациясы көтерген мәселесінің мәнділігімен, соны, тың тақырыпты қозғауымен, сондай-ақ бай, мол мағұлматтарды ғылыми айналымға қосуымен құнды, бағалы».

Кейіннен Бақыттымен жақын аралысып, білісуіміз оның Египетте елшілікте қызмет атқарған мезгілде жалғасып, бекімделді. 2001 жылдан бері Египеттің Жоғары дін істері комитеті ұйымдастыратын конференцияға Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлімен бірге тұрақты түрде қатысып тұрдым. Осы конференция отырыстарынан қолы қалт еткенде Әбекеңнің сүйікті ісі - кітап дүкендерін аралау, тарихи ескерткіштерді көру еді. Осындай кезде елшілік тарапынан көбіне Бақытты машинасымен көмекке келетін. Бас мүфти  мен екеуімізді ұшаққа отырғанша жанымызда шаршамай жүретін. Дүкендерінен мүфти мен екеуіміз том-том кітаптар сатып алады. Кітаптарды салып, бууға кардон, скоч, жіп керек. Қонақ үйде кітаптарды картонға салып, желімдеп, әуежайға дейін апарып, кеденнен өткізуге дейін - машақатты шаруа. Осындай жағдайда Бақытты ерінбейтін .      

Ол Египеттегі мүмлүктер дәуірінің білгірі, бірегей маманы еді. Мәмлүктер тұрғызған байырғы ескерткіштерді көрсете жүріп, майын тамыза әдемілеп баяндайтын. Осы ескерткіштердің нақыштарын қазақы оюлармен байланыстыра тілге тиек ететін.

Әңгіменің көрігін қыздырған ол бірде бізді Каирдегі «өлі қалаға» алып кірді. Бұлардың ішінде мамлүктер дәуірінің айғақтары ескерткіштер самсап тұр. Молалар арасында миллиондаған адам тұрып жатыр. Электр жарығына дейін тартып алған. Сауда жасап тұрған дүңгіршіктерді де бар. Оны «өлі қала» деп те айтуы содан. Бойымыз қатты тітіркеніп кетті.

Дипломаттық абыройлы қызмет, жалақысы да жақсы қызмет екені белгілі. Сырт елде елшілікте ұзақ жұмыс атқарған Бақытты әдемі машина мініп, жақсы жалақы алғанына қанағаттанатындай емес, өзінің бос уақытын зерттеуге арнады. Өзінің дипломатиялық қызметін  ғылыми ізденістермен сәтті ұштастыра алатындар сирек. Араб елдерінде  осындай қызметте жүрген достарымыздың ішінде мамлүктер тарихына қатысты тамаша кітаптар жазған екі азаматты білем, бірі - Қайрат Сәки, екіншісі осы Бақытты еді. Екеуінің де Мысырда дипломатиялық жұмыс жасап жүргенде жанына тыныштық бермеген тарихқа, соның ішінде малмүктерге  қызығушылық, махаббат еді.

Оның бойында ұлтжандылық, отаншылдық рухы сезілетін. Бұндай рух әкесі - қазақ дипломатиясының ардагерлерінің бірі, ана тіл үшін күресте таймайтын, қайсар мінезді, табанды сыйлы ағамыз Сайлау Батырша-ұлының тәрбиесі арқылы дарыған ғой деп шамалайтынбын. Ауылда ата-әжесінің тәрбиесін көргендіктен бе өзін қарапайым ұстайтын.

Қазақстаннан Египетке жолы түсетіндердің ең алдымен мамлүктер тарихына, сұлтан Байбарысқа қатысты орындарды зиярат етуге ниеттенеді. Осындай келіп-кететіндерге Бақыттының ерінбей-жалықпай түсіндіретіне куә болдым. 2010 жылы сәуір айында Египетте Нұр-Мүбарак Қамқорлар кеңесінің үшінші отырысы болды.Осы мәжіліске Қазақстаннан келген лауызымды адамдарды тарихи жерлерді аралатқан Бақытты Батырша-ұлы еді. Осы құрамда сол кездегі әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеттің ректоры Бақытжан Жұмағұлов үстінің шаң болып, күн астында ұзақ жүргеніне қарамастан қатты риза болып, толқынысты әсермен қонақ үйге келгені есімде. Елге оралған соң бір айдан соң ҚР Білім және ғылым министрі тағайындалған ол Бақыттыны тауып алып, оның кітабын мемлекеттік тапсырыспен, президент Н.Назарбаевтың алғы сөзімен бастыруға себепкер болды. 

Қазақстандық топ - мысырлық министр Хамди Зақзұқтың қонағы. Ніл үсті.

Бақыттының Мысырдың осы бағытта зерттеу жұмысын жүргізіп жүрген араб ғалымдарын іздеп барып, пікірлескен сәттерін де көрдім. 

Бақытты Батырша-ұлы  елшілікте екі елдің арасын жақындастыруға қызмет жасады. Египетті де өз Отаны Қазақстандай сүйді. Оның   ойлары  көп еді. Жастай дүниеден кетсе де артында іргелі еңбектер қалдырды. Соның бірі - 2005 жылы жарық көрген «Мысыр Мамлүк мемлекетінің  Дешті Қыпшақпен байланыстары. ХІІІ- ХV ғғ.» атты кітабында екі діндес елдің тарихына ортақ мәмлүктер кезеңін байыпты, деректанушылық тұрғыдан талдап шықты. Арабша, орысша деректерді асықпай оқып, саралаудан өткізді. Египетте жүрген жылдары осы жәдігерліктерді көзбен көріп, ой елегінен өткізді. 

Екіншісі - 2011 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтің алғысөзімен үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) «Мысырдағы мамлүк сәулет өнерінің тарихы. История мамлюкской архитектуры в Египте. The history of the mamluk architecture in Egypt» кітап-альбом. Бұл еңбек мамлүк дәуіріндегі ескерткіштер түрлі түсті суреттерімен  жинақталып  кең алғысөз, түсініктерімен  берілумен құнды. 

      Шамшәдин Керім, профессор