26 қаң, 2026 сағат 11:18

Қазақстанға жақын өңірде қар барысы туристке шабуыл жасады

Фото: видеодан скриншот

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында қар барысы турист әйелге шабуыл жасады. Оқиға Қазақстанға жақын орналасқан Көктұқай қаласына іргелес елді мекендердің бірінде тіркелген, деп хабарлайды Ult.kz.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, турист әйел екі досымен бірге тау шаңғысы курортынан қонақүйге қайтып келе жатқан сәтте жыртқыш аңның шабуылына ұшыраған. Оқиға Шыңжаң өңірінің солтүстік-батыс бөлігінде болған.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрларда қар үстінде жатқан әйел мен оның жанында тұрған қар барысы анық көрінеді. Шабуылдан кейін зардап шеккен турист жергілікті ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері туристерге ескерту жасап, жабайы жануарлардан қауіпсіз қашықтықты сақтауға және сақ болуға шақырды.