Фото: abai.kz
Ұлттың жадын қалыптастыратын ең басты рухани тірек – оның тарихы. Тарих – құрғақ деректердің жиынтығы емес, ол халықтың өзін тануы, болмысын ажырату, өткенінен тағылым алып, келешегіне бағдар түзеуі. Сондықтан да тарихи атаулар мен ұғымдар кездейсоқ қолданылмауы керек. Өкінішке қарай, қазақ тарихнамасында орнығып қалған кейбір терминдер ұлттық санамызға, тарихи шындыққа және ғылыми қисынға қайшы келіп отыр. Соның бірі – «моңғол» термині.
Қазақ даласының ортағасырлық тарихы сөз болғанда, «моңғол шапқыншылығы», «моңғол-татарлар», «моңғол империясы» деген ұғымдар алға шығады. Бұл терминдер санамызға мектептен бастап сіңірілді. Алайда соңғы жылдары отандық және шетелдік зерттеушілер бұл атаулардың тарихи мазмұнына күмән келтіріп, оларды қайта қарау қажеттігін ашық айта бастады. Айтарымыз, «моңғол» атауын тарихтан сызып тастауда емес, дегенмен – тарихи шындықты қалпына келтіруде.
Ең алдымен, XIII ғасырдағы Ұлы дала кеңістігінде өмір сүрген тайпалар мен ұлыстардың этникалық құрамына назар аудару қажет. Шыңғыс хан құрған мемлекет бүгінгі Моңғолия аумағымен ғана шектелмегені белгілі. Оның негізгі әскери-саяси тірегі қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген қыпшақ, найман, жалайыр, керей, қоңырат, арғын секілді түркі тайпалары болды. Сонымен қатар, тайпалардың тілі де, мәдениеті де, дүниетанымы да түркілік негізде қалыптасты. Олардың «моңғол» деген этностық атаумен аталуы тарихи жағынан да, лингвистикалық тұрғыдан да дәлелденбеген.
Көптеген деректерде «моңғол» сөзі этностық ұғымнан гөрі саяси атау болғаны айтылады. Яғни ол нақты бір әскери-саяси одақтың, билеуші элитаның атауы ретінде қолданылған. Орта ғасырларда мұндай құбылыс жиі кездескен. Мысалы, «түрік», «оғыз», «қыпшақ» атаулары да әйгілі бір кезеңде саяси үстемдікке ие болған қауымның аты ретінде кең мағынада қолданылды. Демек, «моңғол» терминін қазіргі этникалық мағынада қабылдап, оны қазақ тарихына тікелей телу – үлкен методологиялық қателік.
Тағы бір маңызды проблема – жазба деректердің тілі мен мазмұны. Шыңғыс хан дәуіріне қатысты құжаттардың көп бөлігі түркі тілінде жазылған. Мемлекеттік басқару жүйесінде қолданылған терминдер, заңдар, әскери атаулар – барлығы дерлік түркілік сипатта. «Яса» заңы, «ұлыс», «орда», «бек», «ноян» сияқты ұғымдар түркі әлеміне тән. Егер бұл мемлекет этникалық тұрғыдан нағыз «моңғолдық» болса, онда оның басқару тілі мен мәдени коды неге түркілік болды деген заңды сұрақ туады.
«Моңғол шапқыншылығы» деген тіркес те тарихи санамызға ауыр салмақ салды. Бұл ұғым қазақ халқын өз жеріне сырттан келген, бөтен күштің құрбаны ретінде көрсетеді. Ал шын мәнінде, бұл кезеңде далада ішкі билік үшін күрес, тайпалар арасындағы саяси бірігу процесі жүрді. Қазақ халқының этногенезі дәл осы кезеңдерде қалыптасты. Яғни біз өз тарихымызды өзіміз жаулағандай, өзімізді қырып-жойғандай етіп көрсетуге мәжбүр болып отырмыз.
Ресейлік және кеңестік тарихнама бұл терминді әдейі күшейтіп қолданды. Себебі «моңғол-татар езгісі» деген ұғым арқылы орыс князьдіктерінің артта қалуын ақтау, ал түркі халықтарын «жойқын күш», «жабайы басқыншы» ретінде көрсету саяси тұрғыдан тиімді болды. Өкінішке қарай, бұл көзқарас тәуелсіздік алғаннан кейін де толық қайта қаралған жоқ.
Бүгінгі қазақ қоғамы тарихи әділеттілікті талап етеді. Бізге өз тарихымызды өзгенің санасымен емес, өз ұлттық мүддеміз тұрғысынан қайта жазу қажет. Бұл ғылыми ревизия емес, бұл – сана тәуелсіздігі. «Моңғол» терминін сол қалпында қалдыру – отарлық сананың сарқыншағын сақтап қалу деген сөз.
Әрине, мұндай жағдайды эмоциямен емес, ғылыми дәлелмен шешу керек. Тарихшылар, тіл мамандары, этнографтар мен археологтар бірлесе отырып, ортақ тұжырымға келуі тиіс. Оқулықтар қайта жазылып, терминологиялық комиссиялар нақты шешім қабылдауы қажет. Бұл процесс ауыр әрі ұзақ болуы мүмкін, бірақ оны кейінге қалдыруға болмайды.
Ұлт ретінде жаңғыру үшін біз ең алдымен өз өткенімізге адал болуымыз керек. Өз тарихын бұрмаланған күйде қабылдаған халықтың болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан ұлттық тарихымыздан «моңғол» терминін алып тастау – біреуге қарсы әрекет демейік, өзімізге деген құрметтің көрінісі.
Сондай-ақ, Шағатай хандығы және Астрахан хандығының тарихын да қайтадан терең зертеп, халқымызға қайтару керек.
Қорытындылай айтқанда, бұл проблема – тек тарихшылардың жұмысы демей, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Өйткені тарих – ұлттың рухани қазығы. Сол қазық қисайса, санамыз да шайқалады. Ал санасы шайқалған ұлттың ертеңі айқын болмайды. Сондықтан тарихи атауларды қайта қарап, ұлттық мүддеге сай түзету – кезек күттірмейтін, стратегиялық маңызы бар міндет.
