08 жел, 2023 сағат 12:37

«АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы белгілі болды

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне қайтару келіссөздері аяқталды. АМТ екі кәсіпорнының құны 286 млн долларға бағаланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестордың кім екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.

Еске сала кетсек, 28 қазан түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт тұтанып, артынан жарылыс болды. Жер астында жұмыс істеп жатқан 252 кеншінің 206-сы өз бетімен жоғары шықты.

31 қазан күні 45 кеншінің денесі және қаза тапқан 46-шы адамның дене бөлшектері табылды.

Қарағанды өңіріне барған Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді.

Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.