13 сәу, 2024 сағат 23:23

Айтбек Амангелді: "Әлемнің түкпір-түкпірінде Салтанатты қолдап митингілер өтіп жатқанына таңқалдым"

Фото: instagram/aitym

Қайтыс болған Салтанат Нүкенлованың ағасы Айтбек Амангелді қазіргі уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде Салтанатты қолдап митингілер өтіп жатқанына таңқалатынын айтып, алғыс білдірді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Сөзімді алдымен ағылшынша айтайын, сосын қазақ тілінде жалғастырамын" деп бастап, Айтбек Амангелді инстаграмдағы тікелей эфирде қазір Салтанаттың оқиғасы бүткіл әлемді дүр сілкіндіріп, адамдардың санасына қозғау салып жатқанын жеткізді.

"Менің сөзім жоқ. Баршаңызға алғысым шексіз. Бүгін Италияның үш қаласында митинг өтті, Францияда өтті, қазір Нью-Йоргте өтіп жатыр. Енді Грузияда өтеді. Баршаңызға рахмет! Салтанаттың оқиғасы елдің санасын өзгертіп жатыр", -деді Айтбек Амангелді.

Еске сала кетейік, бұрынғы Қаржы министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып, үстінен сот жүріп жатыр. Сот ашық түрде онлайн режимде өтіп жатқандықтан сот процестерін әлемнің әр тарапынан миллиондаған адам бақылап отыр.