29 қыр, 2016 сағат 16:09

Бақытын маңдай терімен тапқандар

Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшәт Дөненбаева, Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев, Тәттәй Әбілқасымов сынды сан мыңдаған еңбек ерлерінің есімін оқулыққа енгізіп, атын жатқа айтқызған баяғы кеңестік дәуірдің ең басты құндылығы - жанын салып жұмыс істеп, маңдай терімен табыс тапқан қарапайым жандарды құрметке бөлегендігінде! 

Елбасының Жарлығымен осыдан үш жыл бұрын енгізілген «Еңбек күні» мерекесі ұжымының озаты атанып, өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарып жүрген ерен еңбек иелеріне деген сол жоғалып бара жатқан ізет пен ілтипатты қайтадан алып келді. Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында өткен «Еңбек күні» мерекесінде аймақтың маңдай алды диқандары мен кәсіпкерлері, майталман механизаторлары мен металлургтері, қарапайым құрылысшылары, жалынды жас мамандары дүйім жұрттың алдында құрметтеліп, марапатталып, мерейлері өсті. 

Мәдениет сарайына жиналған қауым «ҮМЗ», «ӨТМК», «Қазцинк», «Шүлбі СЭС», басқа да ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдары өкілдері мерекелік салтанатты кеште өз кәсібінің білгірі атанып, атақ пен абыройды, бақыт пен байлықты қарапайым еңбектен тапқан бір топ жерлестерімізге қол соғып, қошемет көрсетті. «Еңбек жолы-Трудовой путь» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары атанған бұл еңбеккерлерді, аймақ кәсіпорындары ұжымдарын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, өңірдің, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатқан оларға жаңа табыстар, үлкен жетістіктер, отбасылық бақыт, береке-бірлік тіледі. 

- 2013 жылдың қарашасында Елбасы «Еңбек күні» мерекесін белгілеп берді. Мерекенің негізгі мақсаты - бүгінгі жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыру кезеңінде еңбек адамына деген құрметті насихаттау, өскелең ұрпаққа қарапайым еңбек адамын үлгі, өнеге ету, еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрін жалғастыру, жастарды өндіріс саласына тарту, еңбек өнімділігін арттыру. «Еңбек күні» әлемнің 100-ден астам елінде мерекеленіп келеді. Бүгінгі күні біздің облыста 19 мың шағын, 442 орта, 172 ірі кәсіпорын бар. Онда біздің 700 мыңнан астам жерлестеріміз еңбек етіп жатыр. Өңірдегі бұл кәсіпорындарда алдағы уақытта да жаңа жұмыс орындары ашыла беретін болады. Облыстағы 80 орта техникалық білім беретін оқу орнында 40 мыңнан астам студент орта техникалық білім алып жатыр. Мемлекет бюджетінен техникалық мамандарды даярлауға қомақты қаржы бөлініп келеді. Жыл сайын сол орта техникалық оқу орындарын тоғыз мың студент бітіріп, өндіріске, кәсіпорындарға маман болып келіп жатыр. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған Елбасының өзі бастама көтеріп, қолдап отырғанындай, қазір елімізде, облысымызда жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, өз кәсібінің қыр-сырын жетік білуіне тиісті жағдайлар жасалып, іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр, -деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Үш аталым бойынша өткен «Еңбек жолы» конкурсының қорытындысында «Өндірістің үздік жас маманы» аталымының жеңімпазы - «Қазцинк» ЖШС аға шебері Асхат Зикенов, «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымының жеңімпазы - «Азия авто» АҚ құрастыру конвейері цехының жетекшісі Андрей Рыльский, «Үздік еңбек әулеті» аталымының жеңімпазы - «Өскемен ТМК» АҚ өкілдері Филлиповтар әулеті деп танылды. Облыс әкімінің орынбасары конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. 

Аягөздегі «Вагон жөндеу депосының» Еңсебаевтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша екінші, Күршім ауданының Қаратоғай ауылындағы «Жандос» ШҚ жетекшісі Жандос Апплатоновтың және «ҮМЗ» АҚ дағы Мараховецтердің әулеттері осы аталымда үшінші орынды иеленді. Еңсебаевтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 400 жыл болса, мал шаруашылығымен айналысып жатқан жас кәсіпкер Жандос атасы Төкеннің жолын жалғастырып, осы салада Апплатовтар әулеті 70 жылдан астам уақыттан бері қажырлы еңбек етуде. Үржар ауданындағы «Рауан» ШҚ иесі Сәмен Сағатов пен «ӨТМК» АҚ түсті металдар өнімдерінің бақылаушысы Лариса Иванова «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымында үшінші орын, «Шүлбі СЭС» ЖШС су агрегаттарының машинисі Андрей Холкин екінші орын алды. Зыряндағы «Сакура» дәмханасының аға аспазы Айдос Исқанов «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында екінші, Күршімдегі « Күршім» коммуналдық шаруашылық мекемесінің механизаторы Жарқын Базарбаев және «Азия Авто» АҚ слесарі Рустам Якупов осы аталымда үшінші орын иелері атанып, құрметке бөленді.

Облыс бойынша конкурстың үздігі атануға 38 үміткер қатысқан.

Үржар ауданының Ақжар ауылындағы «Рауан» шаруа қожалығының иесі Сәмен Сағатов 1977 жылдан бастап дала кемесінің жүргізушісі болып келеді. Содан бері талай жасқа комбайн мен трактордың тілін үйретіп, қырманды дәнге толтыртып, еңбекке баулыпты. Енді бүгін сол қарапайым еңбегін әрі қарай жалғастырып, диқаншылықпен айналысып, егін шаруашылығымен шұғылдануда. 

- Бидайды, сояны жинап алдық. Күнбағысымыз ғана қалды. Шаруашылықта жұмыс істеп жатқан механизаторлар әкелі-балалы Александр мен Владимир Стиль, өз ұлым Рауан білек сыбана кірісіп, егін орағын табысты аяқтадық. Жұмысшылардың да, біздің де көңіліміз тоқ, киіміміз көк, -дейді мерейі өскен мерекеде өз лебізімен бөліскен Сәмен аға. Бақыты мен байлығын маңдай терімен тауып келе жатқан диқанның ерен еңбегі бағаланып, ауылға «Жастардың үздік тәлімгері атанып» қайтты.

Жапондықтардың «роллы» мен «сушиін», пиццаны пісірудің қас шебері атанған зыряндық Айдос Исқанов осыдан екі жыл бұрын Зыряндағы Құмаш Нұрғалиев атындағы колледж филиалын аспаз мамандығы бойынша бітірген екен. Ата-анасы мемлекеттік қызметте істейтін жас өзге замандастарының көпшілігі сияқты «төре» мамандық түрлерін таңдамай 9-сыныптан кейін бірден колледжге аспаз мамандығына құжат тапсырыпты. 

- Жұма, сенбі, жексенбі күндері біздің дәмханаға келушілер көбейе түседі. Қонақтарға біз ұсынған тағамдардың ұнамай қалған кезі болып көрген жоқ. Аспаз болғаныма өкінген емеспін. Қыздар жағы «Өзің аспазсың, қандай жақсы» деп қалжыңдап жатады. Бұл мамандыққа бала кезімнен бейімделіп өстім. Дастарқанымызды тәтті тағам түріне, дәмді асқа толтырып қоятын анамнан ас әзірлеуді кішкентай кезімнен-ақ үйреніп, кейбіреуін өзім де дайындай бастадым. Анам жұмысқа кеткенде үйдегі кішкентай қарындасым Аяжанға тамақ дайындап, тоқаш та пісіріп беретінмін, - дейді 25-тегі аспаз жігіт Айдос.

«Өндірістің үздік жас маманы» аталымының жеңімпазы Асхат Зикенов - Ұлан ауданының тумасы. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың тау-кен металлургиясы факультетін бітірген соң «Қазцинк» ЖШС мыс зауытына жұмысшы болып орналасқан ол қазір осындағы анод өндірісінің аға шебері болып еңбек етуде. Қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік білетін талапты жас кәсіпорында еңбек етіп жатқан екі жылдың ішінде Греция, Германия елдеріне барып жаңа ғасырдың озық технологиясымен жабдықталған «Жаңа металлургияның» құпиясы мен қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинап қайтыпты. Жас маман мыс зауытының жүрегі -«Айза пеш», катодты мыс өндірісі туралы ағылшын тіліндегі өндірістік кітаптарды көп оқимын дейді тағы да. «Еңбекқор ұйқысынан ширап тұрады, еріншек ұйқысынан қирап тұрады» деген, оқыдым, болдым, толдым демей, текке жүрмей, тәжірибе жинақтап, 23-інде өз мамандығының кәсіби білгірі атанған Асхаттың алғырлығы, еңбекқорлығы қазақстандық жастардың бәрінің бойында жүрсе дедік.

«Еңбек күні» мерекесінің салтанатты кеші облыстағы жас өнерпаздардың ән-жырына ұласты.

Жанаргүл Мұқатай