31 мам, 2023 сағат 17:46

Бәпи шетелге заңсыз ақша шығарған танымал адамдардың атын атады

видеокадр

Мәжілісмен Ермұрат Бәпи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, Назарбаевтың жақындары алған ақшаны қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

Депутаттың айтуынша, Мәжіліске түскен заңсыз капиталды шетелден қайтару туралы заңның шикі тұсы көп. Дегенмен клептократтар 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтару керек. Оның көлемі шамамен 150 млрд долларды құрап отыр.

"Ал енді осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар заң қабылданған соң іске кірісеміз деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылысталған активтерге тықыр таянған сайын клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу үшін жанталасып жатыр", - деді Бәпи Мәжілістің бүгінгі отырысында.

Депутат халықаралық журналистер консорциумының көмегімен анықталған ақпаратты Бас прокурорға және тиісті органдарға жеткізуден жалықпайтынын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, Бас прокуратура заңды күтпей, шұғыл іске кірісуі керек.

"Мәселен, сізге белгілі болуы мүмкін, бірақ қоғам үшін жаңа ақпарат айтайын, Бас прокурор мырза, сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys (Тетис) компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз – әлемдік газ-трейд компанияларының регистріне көз жүгіртіңіз. "Тетистің" басты иелерінің бірі – Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу екенін білесіз. Міне, осы "Тетис" фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист "ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист-зерттеушілер соңғы сегіз жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL (АйПиЕл) Construction компаниясы арқылы Батыс банктеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпаратта 20 млрд доллар деген мәлімет айтылып жүр", - деді Бәпи.

Осы орайда депутат ұрланған миллиардтар байлықтың ғана көзі емес, билікке қайтадан араласудың құралы болуы мүмкін екенін және ондай қыруар қаржыға шынында да "жиырма мың терроршы" жалдауға болатынын жеткізді. Осылайша, бұл миллиардтар реваншистердің резервіне айналмақ.

"Екінші мысал айтайын. Мәселен, Швейцария өкіметі Ғалымжан Есеновтың есепшотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов – Есімовтың күйеу баласы. Ал Ахметжан Есімов кімнің етжақыны екені бізге де, сізге де белгілі. Есепшот иесі бұл ақша өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық тергеушілер Ғалымжан Есеновтың қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның Бас прокуратурасынан көмек сұрамай ма? Мына қызықты қараңыз: Сізге дейінгі Бас прокурор швейцариялықтарға Ғалымжан Есенов "сүттен – ақ, судан – таза", оған қатысты қозғалған іс жоқ депті. Анығында, сол кездегі Президенттің бұйрығымен Есеновке қатысты іс тоқтатылған екен", - деді Бәпи.

Депутат Бас прокурорды осы нақақ жабылған істі қайтадан қозғауға үндеді.

"Екінші сауал: осы Есенов мырза Jusan bank-тің бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі – Бангладеш, азаматтығы – америкалық Рон Вахид деген күдікті операциялардың шеберіне басы бүтін беруге әрекет жасап жатыр. Сіз құзырлы лауазым иесі ретінде осы алаяқтыққа қарсы қандай қимыл жасамақ ойыңыз бар?"- деп сұрады Мәжіліс депутаты.

Бәпи "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының құрамында болған стратегиялық маңызы бар "Транстелеком" компаниясының экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевке су тегін берілгенін де айтты.

"Баланстық құны - 250 миллиард теңге, ал жылдық түсімі 80-90 миллиард теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18 миллиард теңгеге сатылды. Осы "Транстелеком" Нұрәлі Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық дивидент төлеген. Енді осыншама заңсыз төленген ақшаны тезірек қайтару керек", - деп түйіндеді мәжілісмен.