15 қар, 2016 сағат 15:36

Барқытбелдің баурайы бау-бақшаға айналды

- Соңғы жылдары Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мал тұқымын асылдандыру, бордақылау алаңдарын салу, лизинг бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтарына техника сатып алу, бақша дақылдарын, оның ішінде картоптан бұрын-соңды болмаған рекордтық өнім алу, рейтингтік көрсеткіштердің өсуі бойынша облыста ағарып алдан көріну аудан тұрғындарының еңсесін биіктете түсті. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевпен өңірдегі осы оңды өзгерістер төңірегінде облыстық «Дидар» газетінің тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Ділдәбек Тәжібайұлы, Барқытбел баурайындағы қасиетті де киелі өңірді басқарғаныңызға үш-төрт жыл өтті. Осы уақытта өңірде ауыл шаруашылығы мен өндірісте көп істер атқарылғанына ауданды аралаған кезде көз жеткіздік. Сіз келгелі бақша дақылдарын егуге ерекше көңіл бөліне бастапты. Шаруа қожалықтары еккен қауын-қарбыз, қызанақ, картопты тіпті, Астана мен Алматыдан арнайы келіп, жүк көліктеріне тиеп әкеткенін де естідік. Осы жайында не айтар едіңіз?

- Мен - Оңтүстіктің тумасымын. Жазы мен күзі он айға созылатын аймақта кейбір бақша дақылдарын екі рет егетінін ескерсек, жер-ананың қасиетін көкейге түйіп өскенім жасырын емес. Ауданға алғаш рет келгенде көкөніс егуге жұртшылықтың қырын қарайтынын аңғардым. Бірде-бір ауылда жылыжайлар жоқ екенін көргенде шыдай алмай, аудан активінде жергілікті жердегі әкімдерге, мектеп директорларына әр ауыл мен білім ошақтарында көкөністі қысы-жазы өсіретін жылыжай салу жөнінде тапсырма бердім. Қазір ауданда 14 жылыжай жұмыс істеп тұр. Атап айтар болсақ, Қабанбай ауылындағы «Мадияр» шаруа қожалығы 320 шаршы метрге жылыжай салып, қызанақ, қияр өндіре бастады. Ақсуаттық Марат Құсайынов деген іскер азаматымыз құлашын кеңге сермеп 620 шаршы метрге жылыжай орнатып, түрлі-түсті гүлдер, қызанақ, қияр өсіруді қолға алды. Аудан жұртшылығының Маратқа айтар алғысы ерекше.

Картоп пен қауын-қарбызға келетін болсақ, айдын шалқар Зайсан көлінің маңы - бақша дақылдарын өсіруге қолайлы аймақ. Құмды, жазы ыстық жерде бақша дақылдарының бітік өсетіні белгілі. «Жұман-Ата» шаруа қожалығы өсірген дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыздарды Астана қаласынан келіп сатып алғандар болды. Қазан айының 8-9-шы жұлдызында Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының күндері өтті. Аталған қожалықтың апарған қауын-қарбызын астаналықтар пышақ ұшынан талап алып кеткенін көрдік. Сонымен бірге, Сейілғазы Жұманның «Мұхтар», Айдархан Тілеуханның «Бақыт», Құмарбай Базарханның «Байтақ» шаруа қожалықтары да жүздеген гектарға картоп, қауын-қарбыз, қызанақ өсіріп, жинаған мол өнімдерін Өскемен мен Семей қалаларының базарларында саудалап, табысқа кенелді. Ақсуат ауылдық округінің «Мәруа», Сәтбаев ауылдық округінің «Алтын Алтай», «Маңырақ» ауылдық округінің «Тілек» шаруа қожалықтары картоптың голландиялық «Алладин», Құмкөл ауылдық округінің «Мырзашөл» ұжымы картоптың «Мелоди» сортын егіп, әр гектардан рекордты көрсеткішке қол жеткізді. Бұрындары Тарбағатайда картоп, бақша дақылдарынан нәтиже шықпайды деушілер, енді ойларынан айнып, көкөніс өсіріп, пайдаға кенеліп жатыр. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы.

- Ауданда жүгері дақылын өсіріп жатыр деп естідік, бұл жаңалық екен. Биыл астықтың шығымы қалай болды?

- Ағымдағы жылы ауданның бірқатар қожалықтары жүгері дақылының «Молдавский-215» тұқымын егіп, одан жоғары өнім алды. Құмкөл ауылдық округіндегі «Мырзашөл», Көкжыра ауылындағы жеке кәсіпкер Нұрлан Садықов, Ақжар ауылдық округіндегі «Дархан», «Қасен-Мұрат» қожалықтары 40-30 гектарға жүгері екті. Агротехникалық іс-шараларды дұрыс атқару, ауыспалы егіс жүйесін сақтау, күзгі сүдігер жұмыстарын жүргізу, аса сапалы тұқымдарды еккенде ғана мол өнім алуға болатынын назардан шығармаған жөн. Диқандар осыны түсіне бастады. «Егін бапқа өседі» деп қалай орынды айтылған, биыл тарбағатайлықтар 983 гектарға бидай егіп, гектарынан 22,7 центнерден өнім алды. Бұл да облыс бойынша жоғары көрсеткіш.

- Ауданның басты бағыты - мал өсіру. Төрт түлікті көбейтуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Бүгінгі таңда ауданда 125553 ірі қара, 340 мың қой-ешкі, 26 мыңдай жылқы, түйе де бар. Жыл басынан бері 124 мың центнер ет, 730 мың центнер сүт, 3,2 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Мал бордақылауға көңіл бөлінеді. Қазір ауданда ірі қара, ұсақ мал, жылқы бордақылайтын 332 алаң бар. Бұл да өңірдегі үздік көрсеткіш. Асыл тұқымды мал басын көбейткен 263 шаруа қожалығы мемлекеттен 97 миллион теңге субсидия алып, шаруасын шалқытып отыр. Ол ол ма, 23080 ірі қара малына 885 асыл тұқымды бұқа қосып тұқымды асылдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген 340 шаруа қожалық иелері 344 миллион 840 мың теңгенің субсидиясын алған. Сондай-ақ, асыл тұқымды қошқар өсіргені, жоғары сапалы ет өндіргені үшін 63 қожалық иесі ондаған миллион теңге субсидияға ие болды. Екпін ауылдық округіндегі Болат Қойбағаров жетекшілік ететін шаруа қожалығы 2009 жылдан бастап ірі қара малын асылдандырумен шұғылдана бастады. Қазір ізденгіш азаматтың 600 ірі қарасы, 1 мың қойы асыл тұқымды, ол сонымен бірге, аудандағы шаруа қожалықтарын асыл тұқымды бұқамен, құнажынмен қамтамасыз етіп отыр. Жетіарал ауылдық округіндегі Сейітхан Тұрабаев басқаратын «Талпын» қожалығы соңғы алты жылдан бері қазақтың биязы жүнді асыл тұқымды қойын өсіріп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мемлекеттің осындай қолдауы арқасында шаруа қожалықтары ертеңгі күнге үмітпен қарап, түрлі бағдарламалар бойынша несие алуға құлшыныс танытуда.

- Лизинг бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылықтары құрылымдарына арзан бағаға техника сатып алуда да оң нәтижелер бар деп естідік.

- Дұрыс айтасыз. Бұл көрсеткіш бойынша да облыста алда келеміз. Жыл басынан бері 95 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Құмкөл, Сәтбай, Ойшілік, Қарасу ауылдарындағы шаруа қожалықтарының әрқайсысы оннан астам жаңа техникаға ие болды. Кейбір шаруа қожалықтары жаңа техниканың пайдалы екенін аңғарған соң, екінші, тіпті үшінші рет лизингі ала бастады.

- Шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағытында қандай істер атқарылуда?

- Ауданда 3703 шағын және орта кәсіппен шұғылданатын құрылымдар тіркелген. Жыл басынан бері олар бір миллиард теңгенің өнімдерін шығарған. Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда 25,2 миллион теңгенің жұмыстары атқарылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Ақжар ауылдық округіндегі Б.Хамзин жетекшілік ететін «Зайсан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Таган» кен өндіру учаскесінен бентонит саз балшығын өңдейтін зауыт салуды қолға алды. Жоба құны - 270 миллион теңге. Кәсіпорын іке қосылғанда, 42 жұмыс орны ашылады. Немесе Г.Ишмуратов басқаратын «Бенто Технология Кz» серіктестігі де Татарстанның бір кәсіпорнымен бірлесіп бентонит саз балшығын өндіретін кәсіпорын салуды бастап кетті. Бұл екі жоба да облыстың үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінде қаралып, бекітілген болатын. Айта кету керек, бентонит ұнтағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Оның құрамында темір, магний, марганец, калий, натрий, кремний, фосфор, мырыш, басқа да химиялық қоспалар бар. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш жоба әзірленіп, несие алынды. Ақсуат ауылындағы кәсіпкер Қ.Қожахметов жалпы көлемі 800 шаршы метр болатын екі қабатты қонақ үй мен тойхана салуға несие алса, Ақжар ауылындағы «Қоныс» шаруа қожалығының иесі Б.Құнафиянов та мал бордақылау алаңы құрылысын жүргізуге жеңілдікпен несие алуға қол жеткізді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Даму өндіріс» бағдарламалары бойынша да аудандағы кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, ауданның экономикасын дамытуға лайықты үлес қосып жатыр.

Жол - экономиканың күретамыры деп орынды айтылған. Аудандағы жолдың қашықтығы 892 шақырымды құрайды. Оның 265 шақырымы республикалық, 211-і облыстық, ал 416,2 шақырымы аудандық деңгейдегі жолдар. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ ауданға келген кезде жолдардың сапалы болуына бақылау жасау керектігін айтқан. Бізге нақты көмек көрсетіп келеді. «Қарағанды-Аягөз-Боғас»жолына асфальт төселіп жатыр, «Омбы-Майқапшағай» жолының «Тассай-Боғас-Ақмектеп» учаскесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақсуаттан Қарасуға дейінгі жол айнадай жарқырайды.

- Енді әңгіме желісін әлеуметтік сала - мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, спортқа қарай бұрсақ. Осылар жайында тарқатып айтып берсеңіз?

- Ауданда 50 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 34-і орта, бесеуі - негізгі, 11-і - бастауыш мектептер. Күндізгі білім беретін мектептерге келетін болсақ, білім алып жатқан 8230 оқушы ауыл мектептерінде оқуда. Жаңа оқу жылында 8367 шәкірт қабылданды. Биыл Ақсуатта өнер мектебі ашылды. Онда қазір 130 оқушы бар. Ауданда 230 балабақша мен шағын орталық жұмыс істеп тұр. Бірыңғай ұлттық тестілеуде шәкірттер аудан бойынша 82 балл жинады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2-5,2 пайыз артық. Ауданның 82 оқушысы биылғы ұлттық тестілеуде 100-ден жоғары балл жинап, дені жоғары оқу орындарына түсті. Ауданда бүлдіршіндерді балабақша, яслимен қамтамасыз етуде де оңды жұмыстар атқарылуда. Байтоғаста «Құлыншақ», Тұғылда «Мөлдір бұлақ», Маңырақта «Жалғас» жекеменшік балабақшалары есігін айқара ашты. Жыл басында Ақсуатта «Ақбота» балабақшасы пайдалануға берілді. Мәдениет саласына келетін болсақ, бұл күндері ауданда 22 мәдениет үйі мен клубтар, 25 кітапхана, 23 ескерткіш, бір мұражай бар. «Ирбис» бағдарламасы бойынша биыл 6980 кітап алынып, таратылып берілді.

Соңғы төрт жылда 82,8 миллион теңгеге 14 мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда жыл сайын республикалық, облыстық турнирлер өтіп тұрады. Соңғы алты жыл бойы спортшыларымыз облыстық халық ойындарында бірінші орынды ешкімге бермей келеді. Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақша күрестен гран-при турниріне соңғы екі-үш жылдан бері шет елдерден мықты балуандар шақырылуда. Жақында ғана Ақсуатта Малдыбай қажы атындағы республикалық турнир аяқталды. Ауданда бұл күндері екі спорт мектебі, екі спорт модулі, 38 спорт залы, 17 хоккей қорабы мен жеті шағын футбол алаңы, екі ипподром жұмыс жасауда. Тарбағатайдан 12 Әлем чемпионы, ондаған спорт шеберлері шыққанын мақтан тұтамыз.

Экономикасы дамып келе жатқан Барқытбел баурайындағы достығы мен ынтымағы жарасқан халық ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын осындай табыстармен қарсы алып отыр.

- Әңгімеңізге рахмет!