11 мам, 2023 сағат 14:57

Байқоңырды жалға алу ақысы көтеріле ме – вице-министр жауап берді

Фото: Григорий Сысоев/РИА Новости

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу ақысын көтеруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Байқоңырды жалға алу келісімшарты 1994 жылы рәсімделген болатын. Артынан құжат мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

"Бүгінде жалға алу ақысы жылына 115 миллион долларды құрайды. Егер инфляция мәселесіне тоқталсақ, төлем доллармен жасалатынын ескеру керек. Ұлттық валютамен төленген күннің өзінде сол күнгі доллардың бағамы ескеріледі. Сондықтан теңгемен алатын болсақ, ғарыш айлағын жалға алу ақысы 1994 жылдан бері айтарлықтай өсті. Себебі доллар бағамы өсті. 1994 жылғы 115 миллион мен бүгінгі 115 миллион доллар - екі түрлі сомма", - деді Олжабеков журналистерге берген сұхбатында.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан жалға алу ақысын алып қана қоймай, Байқоңыр ғарыш айлағында зымыран ұшыру жұмыстарына да қатысады. Осылайша, өз мамандарымыз тәжірибе жинақтап, жаңа технологияларды меңгереді.

"Біз экологиялық жағдайды да бақылап отырамыз. Зымыран ұшыруға дайындық жұмыстарына атсалысамыз", - деп атап көрсетті Олжабеков.