01 қар, 2017 сағат 11:13

Қазақ тілінде білім беретін "Бесал" интернет-мектебі

Қазіргі таңда қашықтықтан білім алу жүйесі елімізде қарқынды түрде дамып келеді. Әсіресе  шет тілін үйретуге арналған сайттардың саны өте көп. Ал теориялық пәндерге арналған мұндай сайттарды интернет беттерінен көп кездестіре бермейсіз. Дәл осындай пәндерді қазақ тілінде үйрететіндерін ше?..

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бір топ ғалым оқытушылар мүшесі бірлесе отырып 5-11 сынып оқушыларына арналған интернет желісі арқылы қазақ тілінде физика-математика пәндері бойынша қашықтықтан білім беру жобасын жасап отыр. Жоба жетекшісі Медетов Бекболат мырзаның айтуына қарағанда, бұл түрдегі жүйе елімізде ең алғашқысы.

- Мына бастап жатқан жобаларыңызбен аз-кем танысып көріп, шынымды айтар болсам таңданып отырғаным рас. Мұндай идея қайдан келді, кімнен шықты бұл ой?

- Жалпы, бұл идея бір күнде немесе бір адамның ойына ғана келген нәрсе емес. Біз университетте дәріс окып, студенттермен жұмыс жасайтын болғандықтан, олардың мектептен жоғарғы оқу орнына қандай білім деңгейімен келіп жатқанын өте жақсы байқап жүрміз. Шындығын айтар болсақ, мектеп бітіріп келген түлектердің басым көпшілігінде университетте оқытылатын пәндерді толығымен игеріп кетуге жетерліктей білім дәрежесі болмай жатады. Мен өз басым, оның себептерін толық білмеймін. Бірақ мұндай проблема бар екенін кез-келген жоғарғы оқу орнының оқытушылары жақсы біледі деп ойлаймын. Мысалы: мен өзім «радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша дәріс оқимын. Біз электроника және байланыс саласы бойынша инженер-мамандар дайындаймыз. Мұндай мамандықты игеру үшін, студент мектеп деңгейіндегі физика мен математиканы университетке келгенге дейін өте жақсы біліп келуі тиіс. Егер олардың мектептен алған фундаменті нашар болса, оның жақсы маман болып шығуы өте қиын. Осы проблемаларды көре тұра және оларды талқылай жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бір топ оқытушылары қазіргі заманға сай технологияларды қолдана отырып, физика-математика пәндері бойынша қосымша дәрістер беруге болатындай интернет-платформаны құруды ұйғарған едік. Соның нәтижесінде 5-11 сынып оқушыларына интернет желісі арқылы қазақ тілінде физика-математика пәндері бойынша қашықтықтан білім беру жобасын әзірлеуді бастап кеттік. Жобамыздың аты: «Бесал» интернет-мектебі. Негізгі ұранымыз: беске оқу бізбен оңай.

- Қазір технология дамыған заманда, интернет беттерінде сан түрлі осы сынды оқыту жобалары көптеп кездеседі, олардың дерлік басым бөлігі әрине ақылы. Сіздерде неге тегін. Әлде сіздерге ақша керек емес пе?

- Өте орынды қойылған сұрақтар, әсіресе ақшаға қатысты қойған сұрағыңыз(күліп). Енді, сіздің осы қойған сұрақтарыңызға мен екі бөлімнен тұратындай етіп, жауап берейін. Алдымен интернет беттерінде кездесетін басқа жобалардан қандай айырмашылығымыз бар екендігіне тоқталайын. Біздің негізгі айырмашылығымыз, ол сайтта берілетін сабақтардың реті мен көлемі орта мектептерге арналған типтік оқу бағдарламасына сай болуында. Былайша айтқанда, егер типтік оқу бағдарламасы бойынша 7-ші сынып Физикасы аптасына екі сағат өткізілуі тиіс болса, біздің сайтта да сол аптаның екі сағатына мөлшерленген сабақтар ғана тұрады. Сондықтан біздің порталда сабақтардың шығу реті типтік күнтізбелік жоспар бойынша жасалынған. Бұның қандай маңыздылығы бар? - деген сұрақ міндетті түрде туындайды. Бұлай жасаған себебіміз, оқушыға керекті ақпаратты тез арада тауып алуына барынша мүмкіндік жасау. Екінші бір ерекшелігіміз – мектепте берілетін сабақтарды жоғарғы оқу орнының ұстаздарының өткізуінде. Жалпы, қандайда бір мәселені оқушыға түсіндірген кезде, мектеп ұстаздары мен университет оқытушыларының арасында методикалық үлкен айырмашылық бар. Бұл жерде мен бір методиканың екіншісіне қарағанда артықшылығы немесе кемшілігі бар деген мағынада айтып отырған жоқпын. Керісінше, екі түрлі әдіс-тәсілдің болғаны өте жақсы. Сондықтан, оқушы біздің сайтқа келіп, дәл мектепте өзінің ұстазы айтып өткен тақырып бойынша альтернативті «көзқараспен» таныса алады. Бұл деген жақсы емес па? Және бір айта кететін нәрсе, оқушылар мектептен бастап, университет оқытушыларының дәріс беру манерасына бейімделе беру мүмкіншілігіне ие болады. Тағы да бір өте маңызды деп саналатын ерекшелігіміз – ақпаратты оңай қабылдату психологиясына негізделген арнайы әдістемелік тәсіліміздің бар болуы. Бұл әдістеме жайында ұзақ әңгіме айта беруге болады, бірақ мен оның қысқаша бір түйінін ғана айтайын. Ол – көз бен құлақ секілді ақпаратты қабылдау мүшелерінің синхронды түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Енді, бастапқыда қойылған сұрақтың екінші бөліміне жауап бере кетейін. Негізі, біздің бұл жасап жатқан жобамыз - әлеуметтік жоба. Басқаша айтқанда, біздің мақсат -  оқушыларға қажетті білімді тегін және кең ауқымды түрде тарату. Алайда, сайттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін, аниматорлар секілді техникалық мамандарды жалдау үшін және басқалай шығындардың орнын толтыру үшін біршама қаржы керек екен. Біздің жобаға сырттан ешкімнен ешқандай қаржылық көмек беріліп жатқан жоқ. Сондықтан, жоба өзін – өзі қаржыландыра алатындай болуы тиіс. Осы мақсатта біз кейбір қосымша сабақтарды, нақтырақ айтсам, есептердің шығарылу жолдарын талдау сабақтарын ақылы түрде беру керек деген шешімге келдік. Бірақ оқушыларға жаңа тақырыпты түсіндіру секілді негізгі сабақтарымыз әрқашанда тегін күйінде қала беретін болады. Ол сабақтарды ешқандай тіркелусіз, кез-келген адам, кез-келген уақытта толықтай тегін көре беретін болады. Ал ақылы түрде берілетін қосымша сабақтардың құны жобаның өз-өзін қаржыландыра алуына жетерліктей мөлшерге шақтап қойылатын болады. Біздің есебіміз бойынша, 1 – тақырыптың қосымша сабағы бар болғаны 80-90 теңге маңайында болғаны жеткілікті.

- Осы жобаны бастаудан көздеген мақсаттарыңыз қандай?

- Негізгі мақсат – оқушылардың болашақта жоғарғы оқу орындарында сәтті оқып, жеткілікті дәрежеде білім алып, ең соңында мықты маман болып шығуына қолымыздан келгенше бір септігімізді тигізу.

- Сайтта ең үздік ғалымдар әзірлеген бірегей әдістеме бойынша білім аласыздар деп айтыпсыздар, сонда ол қай ғалымдар? Өзіміздің қазақтан шыққан ғалымдардың әдістемесі де енгізілген бе?

- Иә, жобаның барлық мүшелері - өзіміздің Қазақстанның азаматтары. Жобада жалпы 13 оқытушы қатысуда. Оның біреуі Алматы қаласындаға нөмірі 92 аранайы физика-математикалық мектеп – лицейінің ұстазы. Ол кісі 5-6 сынып оқушылары үшін математика пәні бойынша сабақтар жүргізеді. Бұл кісіні жобаға шақырған себебіміз, 5-6 сынып оқушыларына әлі де болса университет оқытушыларының сабақ беру дағдысымен танысуға ерте деп ойлаймыз. Және тағы бір оқытушымыз Германияның Потсдам университетінің ғылыми қызметкері, PhD ғылым докторы. Ол кісі 10-11 сыныптарға арнап физика пәнінен дәрістер оқиды. Ал жобаның қалған мүшелері түгелдей дерлік әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің оқытушылары. Оның ішінде екі физика-математика ғылымдарының кандидаты және тағы да бір PhD ғылым докторы бар.

Анықтамалық.  Besal.kz мектебін таңдаудың бес себебі:

- сабақты өзіңізге ыңғайлы уақытта оқыңыз.

-жолға жұмсайтын қаржыны үнемдеңіз.

-білімдегі олқылықтарыңызды толықтырыңыз.

-ең үздік ғалымдар әзірлеген бірегей әждістеме бойынша білім алыңыз.

- мектептегі үлгеріміңізді жақсартыңыз.