13 қаң, 2018 сағат 11:23

Бір жасар cәби анасының кесірінен соқыр болып қалған (Видео)

Ақтөбеде бір жасар сәби анасының салғырттығынан соқыр болып қалды, деп хабарлайды AstanaTV.

Баласының тағдырына бей-жай қараған 29 жастағы келіншек аналық құқығынан айырылды. Ал, зағип бүлдіршін бөбектер үйіне берілген. Үлкен үш баласы кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында тұрып жатыр. 

Полицейлердің сөзінше, үнемі спиртті ішімдік ішуден аузы босамайтын анасы бала тәрбиесімен айналыспаған. "Сәбиінің денсаулығына зақым келтірді" деген күдікке ілінген әйелге қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Мас күйінде баланың көзіне дәрі емес, басқа бір сұйықтықты құйып жіберген болуы мүмкін деген болжам жасалыпты. Дегенмен, сараптама нәтижесі сәбидің көзі аурудың асқынуы салдарынан көрмей қалғанын көрсеткен. 

"Бұл дерекке қатысты сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесі бойынша баланың көзі көрмеуіне әйелдің қатысы жоғы анықталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тоқтатылды. Қазір бір жастағы Александр сәбилер үйінің қамқорлығында", — деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Алайда, көз жанары енді емдеуге келмейді екен. Сондықтан мүгедектігін  рәсімдеу үшін құжат дайындалып жатыр.

Әйелдің 5 пен 8 жас аралығындағы үлкен үш баласы қазір кәмелет жасына толмағандарға арналған бейімдеу орталығында. Олармен психологтар мен логопедттер жұмыс істеуде. Енді бір айда соң балалар үйіне жіберіледі.